Антикор басшысының бұрынғы орынбасары сотталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бұрынғы орынбасарына қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мақсат Қожабаев «Алаяқтық бабы» бойынша кінәлі деп танылып, 5 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, қаржы ұйымдары мен квазимемлекеттік секторда еңбек ету құқығынан өмір бойына шеттетілді. Оның Агенттік өндірісіндегі істі қысқарту үшін 120 000 АҚШ доллары көлемінде қаражат талап еткені анықталды.
Осы дерек бойынша тағы бір азаматтың үстінен іс қозғалды. Оған лауазымды тұлғаларды пара беруге итермеледі деген айып тағылып, 5 жыл 1 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды. Сотталушылар жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болады. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Самидин Теміралиев, қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы:
- Сот Қожабаевтың қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлары ретінде асырауында жас балалардың болуын, ал ауырлататын мән-жайлар ретінде бұл қылмысты кәсіби антын бұза отырып жасағанын назарға алды. Ал Ғұламовтың қылмыстық жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлары ретінде кінәсін толық мойындайтындығын, оған шын көңілден өкінетіндігін, асырауында жас балалардың болуын, аса ауыр қылмыстың ашылуына белсенді көмектескенін назарға алды.