Ақбұлақ ауылына ауызсу келді
Семейден 300 шақырым жердегі Ақбұлақ ауылына су құбыры тартылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
500-ге жуық халқы бар елді мекен тұрғындары жылдар бойы ауызсудың азабын тартып келді. Қазір ауыл ішіне су құбырлары қойылып, 2 резервуар мен су мұнарасы орнатылып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 463 миллион теңге бөлінді.
Дегенмен өңірде 30-дан астам елді мекенде орталықтандырылған ауызсу жоқ. Аймақтағы 610 мың тұрғынның 49 мыңы сапалы тіршілік нәріне зәру. Түйткілді мәселені шешу үшін 2025 жылға дейін 52 жобаны іске асыру жоспарланған.
Марат Тушаков, мердігер компания өкілі:
- Қазір су жинайтын 2 резервуар мен су мұнарасын орнатып жатырмыз. Барлығын қоса алғанда, ауылға 550 текше метр су беріледі. Жұмысты ай соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Нұртай Теміржанов, ауыл әкімі:
- Осы мәселе көптен бері шешілмей келе жатқан. Ауызсу берілсе, халыққа өте жақсы болар еді. Осы уақытқа дейін ішкен суымыз тасымал және де қауға құдықтан алып, пайдаланып отырды халық. Бүгінгі күнде осы су мәселесі шешіліп жатса, ауылға қосымша халық көшіп келе ме, ауылымыздың хал-ахуалы одан ары жақсарып, дамиды деген ойдамыз.