Екібастұзда Қызыл кітапқа енген бірқазандар құтқарылды
Екібастұздың көмір кенішінен табылған бірқазандар облыс орталығына жеткізілді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Қызыл кітапқа енген құстардың бұл жаққа неге аялдағаны белгісіз. Әлеуметтік желіде тараған бейне түсірілімде жұмысшылар бірқазандардың кенеттен қонып, қайта ұшпағаны туралы айтады. Оларды кеніште қалдыру қауіпті болған соң табиғат жанашырларына тапсырған. Қазір екеуі хайуанаттар бағында. Белсенді демалыс орталығының жетекшісі Игорь Байрамовтың айтуынша, балапан әлсіреп қалған.
Қазір орталықта бұған дейін құтқарылған 3 аққу мен үйрек бар. Бірқазандар қолға үйреніп қалыпты. Көмір кеніші құстарға азық алу үшін қаржы бөлген.
Игорь Байрамов, белсенді демалыс орталығының жетекшісі:
- 50 мың теңге бөлді. Мен оған балық сатып алдым. Бұл құстар енді менің балық аулаумен айналысуыма түрткі болатын сияқты. Өздері әлсіз, сондықтан алысқа ұша алмайды. Осында қыстайтын болады. Мына құстар тұрған жерге жылы болу үшін арнайы жарық орнатып, есік-терезелерін пластикпен қаптаймын. Қыс бойы асырап, көктемде ұшыруға тырысамын.