Оралда өлген мал қорымы үйлерге тиіп тұр

Оралда да қараталақтан өлген мал қорымы үйлерге тиіп тұр.

Ал заң бойынша мұндай қауіпті орын кемінде бір шақырым алыс қашықтықта орналасуы шарт. Облыстағы өзге де мал қорымдарының біразы кейінгі жылдары қараусыз қалған. Қоршаулары қирап, белгілер жоғалып кетіпті.

Бұл мал қорымы қала іргесіндегі Деркөл кентінде орналасқан. Мұнда 1977 жылы қараталақтан қырылған жануарлар көмілген. Қоршауы жаңартылған. Ал таяқ тастам жерде тұрғын үйлер мен әкімдік ғимараты салынған. Тұрғындардың көбі қоршаудың ар жағында қандай нысан екенінен бейхабар.

Мастура Досмағамбетова, Деркөл кентінің тұрғыны:

- Оны мен бірінші рет естіп тұрмын. 2008 жылдан бері бері школдың қасында тұрамыз. Қадағалау керек еді. Қарастыру керек еді. Олай болмайды ғой. Қазір қанша ауру шығып жатыр.

Облыста қараталақтан қырылып көмілген 222 қорым бар. Оның 117-сі қараусыз қалған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мониторинг нәтижесі осындай.

Әсет Сәлімов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің басқарма басшысының орынбасары:

- 2017-2023 жылдары аралығында 222 мал қорымын қоршауға бюджет қаражаты бөлінбеген. Мал қорымдарының басым саны талаптарға сәйкес келмейді және қарабайыр құрылыстар болып табылады.

Ветеринария басқармасы бұл олқылықтарды жоюға енді кірісті. Ал кенттің қақ ортасында қалып қойған мал қорымына қатысты мәселені мамандар сол кезеңдегі санитарлық аумақтың белгіленбеуімен байланыстырады.

Берік Ералиев, ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Совет үкіметі кезінде тіркелген жағдай. Одан кейін ондай талаптар болған жоқ қой. Оны 2015 жылы қабылдады Қазақстан қағидасына. Ұрлау фактілері болды, аздап қоршаулары бұзылған. Қазір жұмыстар жүргізілуде. Қоршау қайтадан жасалып жатыр. Шаруашылық әдісімен ветстанциялар өздері тауып жатыр. Сосын кейбір акиматтар өздері қаражат қарастыруда сессиясында.

Өңірде қараталақ соңғы рет 2005 жылы Жәнібек ауданында тіркелді. Ал оған дейін Қазталов, Бәйтерек, Сырым аудандарындағы бірқатар ауылда байқалған. Дәл сол елді мекендерде ет-сүт өнімдерін сататын және тасымалдайтын 700-ге жуық адам профилактика незінде жыл сайын вакциналаудан өтеді. Себебі ауру қоздырғышы 100 жылға дейін сақталады екен.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов