Өскемендегі индустриалды аймақта құрылыс басталды

Өскеменде 10 жылдан астам бос жатқан "индустриялды аймақта" құрылыс енді басталды.

Кәсіпкер ірі фармацевтикалық қойма салып жатыр. «Алдағы уақытта тағы бірнеше жоба іске асатын болды. Дегенмен, инфрақұрылым жағынан кемшілік көп», - дейді белсенділер.

2006 жылы Өскеменде 100 гектардай  жер бөлініп, индустриялды аймақ жобасы іске аса бастаған еді. Алайда, көп ұзамай жемқорлық дерегі анықталып, жұмыс тоқтап қалды. Он жылдан кейін қайта қолға алынып,  инфрақұрылым жүргізуге 40 миллилон теңге бөлінді. Дегенмен, кәсіпкерлер қызығушылық танытпады. Пандемия кезінде тіпті тұралады. Осы жылдар ішінде аймақта енді жалғыз мекеме салына бастады. Алдағы уақытта тағы  4 кешен бой көтермек. Десек те, қоғам белсенділері өндірісті аймақтың кемшін тұсы көп екенін айтуда.

Денис Данилевский, белсенді:

- Нақты айтатын болсақ,бұл жобаның басталғанына 17 жыл болыпты.Осыншама уақыт ол аумақ еш пайда әкелмеді. Қажетті инфрақұрылыммен толық жабдықталмаған.

Индустриялды аймақта 17 жылдан кейін қолданысқа берілетін алғашқы нысан осы фармацевтикалық қойма болмақшы. Жақында ісін бастайтын кәсіпкердің сөзінше коммуникациялық мәселе көп.

Анна Мандыч, өңірлік фармацевтикалық компания филиалының басшысы:

- Коммуникация бойынша біршама кедергіні  айтпасқа  болмайды. Ол алдымен сумен жабдықтау сұрақтары. Әзірге біз газ қазандығын орнатамыз бірақ болашақта орталық жылу жүйесіне қосылсақ деген де  үміт бар.

Жергілікті билік аймақ біраз жыл бос жатқандықтан,  жылу және  сумен қамту мәселесінде қиындықтар болғанын  растады.  Дегенмен, кәсіпкерлерге барынша қолдау көрсетуге дайынбыз деп отыр. 

Әлібек Тұрсымбетов, қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Осындай үлкен жобаларды Өскемен қаласының әкімдігі тарапынан қолдауға әрдайым дайынбыз. Құжаттарды да, комммуникация мәселесі және де қазіргі мысалымыздай жол мәселесін де көтеруге дайынбыз.

Сарапшылардың айтуынша , индустриялды  аймақты  арнайы экономикалық аймақ жобасына айналдырса ұтарымыз көп болады, Оңтүстік, Батыс  Қазақстан және Ақмола, Қостанай облыстарында бұл тәжірибе жақсы нәтиже берген. Себебі индустриялды аймақта тек инфрақұрылымнан ғана  көмек болса, арнайы экономикалық аймақта кәсіпкерлер салықтан босатылады.

Станислав Ясинский, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация  басшысының орынбасары:

- Әзірге енді Шығыс Қазақстанда жалға алу ақысын және коммуналдық қызмет ақысын төмендету сұрақтары қарастырылып жатыр.Кедендік  және салық жеңілдігін де қалайтын кәсіпкерлер көп.

Өскемендік мамандар бұл жобаның болашағы зор болады деген үмітте. Егер қарқынды  дамыса,облыс бюджетіне алдағы үш жылда 22 миллиард теңге кіріс түседі деген болжам бар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин