Қарағанды облысындағы мектептерге ұлттық күнтізбе енгізілді
Қарағанды облысының мектептеріндегі бірыңғай тәрбие жоспарына ұлттық күнтізбе енгізілді.
Ол қазақ халқының құндылықтарын сақтауға және насихаттауға бағытталған. Күнтізбеде елдің тарихы мен мәдениетіне қатысты 42 атаулы дата бар. Атаулы күндерді облыстың 417 мектебіндегі 170 мыңнан астам оқушы танып-білмек. 4 жыл бұрын Қарағандыда ұлттық құндылықтарды сақтауға және насихаттауға бағытталған "Ұлттық күнтізбе" ұсынылған еді. Жобаның авторлары күнтізбенің ұрпақ тәрбиесі мен елдің мәдениетінде алар орны ерекше деп отыр. Әсіресе онда Қарағанды өңіріне танымал батырлардың ғұмырнамасына басымдық берілген. Алдағы уақытта күнтізбені мәдениет және спорт мекемелеріне енгізу жоспарланып отыр.
Нұржан Сұрша, "Ұлттық күнтізбе" жобасының авторы:
- Аталған күнтізбе барлығы 18 ұлттық құндылықты, 3 дәстүрлі мерекені, 6 салтты, 24 тарихи тұлғаны насихаттайды. Бұд енді жастарымызды отансүйгіштік тәрбиеге, патриоттық тәрбие беруге бірден бір ықпал етер нәрсе.