Елде дербес деректерді қорғау күшейтіледі
Елге шетелден келушілер жеке басын куәландыратын құжатының көшірмесін тапсыруға міндетті болады.
Бұл норма өзге ел азаматының заңды келгенін, іздеуде бар-жоғын анықтау үшін қажет,, әрі ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында енгізіліп отыр. Қазақстан азаматтары бұдан былай төлқұжаттың қағаз көшірмесін тапсыруға міндетті емес. Сонда дербес деректердің, үшінші тараптың қолына өту қаупі азаяды. Бүгін сенаторлар «ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер» жайындағы заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Ол ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғау саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіруді, цифрлық майнинг қызметін реттеуді көздейді.
Бибігүл Жексенбай, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Заңда операторлар дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылғаны туралы уәкілетті органға 1 жұмыс күнінен кешікпей хабарлауы міндеттелген. Мемлекеттік органдардың ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Орталық құрылып, «электронды үкіметтің» бірыңғай репозиторийі нақтыланып, онда бағдарламалық өнімдердің бастапқы кодтары сақталады. Цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жетілдіру бағытында лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау рәсімі белгіленіп отыр.