Павлодарлық диқандар күзгі жиын-терімді аяқтап жатыр
«Биыл ауа райы күрделі болды. Жылдағыдай рекордтық көрсеткіш жоқ. Барға қанағат», - дейді олар.
Бірақ қажырлы еңбек, озық технологиялардың арқасында орасан шығынға жол берілмеді. Мерекелік жиында әдеттегідей үздік сауыншы, малшы, механизатор, фермерлер марапатталды. Биыл ел аумағында 17 миллион гектарға жуық дәнді және бұршақты дақылдар жиналды. Үкімет қуаңшылықтан зардап шеккен фермерлерге көмек береді. Яғни бидайды нарықтық бағада сатып алу мен тұқым қорын қалыптастырады. Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі мәлімдеді.
Мұрат Теміржанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының тапсырмасымен ағымдағы жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша ауыл халқының табысын арттыруға байланысты ауқымды жұмыс басталды. Павлодар облысына 1,5 миллиард теңге бағытталды. Бұдан басқа, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға қосымша 155,5 миллиард теңге бөлу мәселесі шешілуде, оның ішінде Павлодар облысының қажеттілігі 9,8 млиард теңге.
Әлібек Несіпбеков, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Мемлекет тарапынан ауылшаруашылығы мекемелеріне жақсы көңіл бөліп жатыр. Қаржылай болсын, техникадай болсын. Субсидия беріп жатыр. Соның арқасында біздің мекеме дамып жатыр. Басты бағытымыз сол картоша егеміз, картоп, сәбіз басқа да дақылдарды егеміз. Суармалы жер болғаннан кейін бізде өнім жақсы болды.