Ақпанда 7 млн-ға жуық баланың шотына ақша түседі

Ұлттық қордың инвестициялық табысының тең жартысы балаларға теңдей бөлінеді.

Бүгін Президент тиісті заңға қол қойды.

«Ұлттық қор – балаларға» атты бағдарлама аясында 7 миллионға жуық балаға шот ашылады. Ал ақпан айында бұл шоттарға ақша түседі. Жаңа жобаның механизмі қандай? Арнайы шот қалай ашылады?

«Үлкеннің жүзіне бергенше, баланың біріне бер». Президент былтырғы Жолдауында Ұлттық қор табысының жартысын балаларға беруді тапсырды. Келер жылдан бастап «Ұлттық қордан – балаларға» атты жаңа бағдарлама іске қосылады. Сөйтіп, алдағы ақпан айында елдегі барлық баланың шотына ақша түседі. Шот қаңтар айында ашылады. Ол үшін ата-ана мекеме жағалап, құжат толтырмайды.

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:

- 18 жасқа дейінгі балаларға, бәріне зейнетақы қорында есепшот ашылады. Оған ешқандай құжат тапсыруға керегі жоқ. Зейнетақы қоры ол ақпаратты бүкіл мемлекеттік деректер базасынан алып алады да, есепшотты автоматты ашып береді. Ол ақша бір жылда бір рет түседі.

Жыл сайын түсетін қаражат Ұлттық қордың табысына байланысты. Мәселен, биыл дүниеге келген сәбидің шотында 18 жыл ішінде 3600 АҚШ доллары жинақталады деген болжам бар. Әрине, қордың табысы өсіп жатса, шотқа түсетін сома да ұлғая түседі. Ата-ана түсіп жатқан ақшаны зейнетақы қоры порталындағы кабинетінен көре алады.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры:

- Бұл шоттағы қаражатты білім алуға немесе тұрғын үй жағдайын жақсартуға уәкілетті операторлар арқылы пайдалануға болады. Олар – «Қазпошта» және екінші деңгейлі банктер. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры алушылардың уәкілетті операторда ашылған банктік шотына нысаналы жинақтар төлемін АҚШ долларымен жүзеге асыратын болады. уәкілетті оператордан төлемдер алу сол сәттегі валюта бағамы бойынша теңгемен жүзеге асырылады.

18 жасқа толған азамат үйді тек Қазақстан аумағынан сатып алуға тиіс. Ал білім алам десе, отандық жоғары оқу орындарымен қатар шетелдік университеттерде де оқи алады.

- Керемет жаңалық деп ойлаймын барлық қазақ еліне. Көптеген көмек болады деп ойлаймын. Балалардың болашағы үшін.

- Жақсы болар еді. Өйткені қазір айлық, бәрі аз ғой, бәрі қымбаттап жатыр. Балаларға бөлек жиналса, мәз болушы едік.

- Жоба іске асса, соның бәрі дұрыс болса, әрине, бала-шағамызды көбейтуге болады деп ойлаймын.

Сарапшылардың айтуынша, жаңа бағдарлама халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Осыған ұқсас жобалар кейбір шет мемлекеттерде табысты түрде жүзеге асып келеді.

Мақсат Жақау, саясаттанушы:

- Мемлекет қазір әлеуметтік саясаттағы басымдықты адамға, адамның отбасына, халыққа мән беріп отыр және табиғи байлықтың өзін, халыққа тең жартысын, инвестициялық табысын беріп отыруы, бұл – болашаққа салған, адамға салған капитал. Яғни, біз қазіргі азаматтарымызды, болашақ азаматтарымыздың жан-жақты дұрыс, толыққанды дамыған және әлеуметтік жағынан қысым көрмейтін, тиісті жоғары деңгейде білім алуға мүмкіндік алатын саясатты қазіргі стратегиялық деңгейге жеткізіп отырмыз.

Қазір елде 6 миллион 700 мыңның шамасында бала бар. Ұлттық қор табысының жартысы осы балалар арасында жасына қарамастан тең бөлінеді. Айта кетерілігі, бұл қаржыға салық салынбайды.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев, Айдос Меделбеков.