БҰҰ өкілі: Зорлық-зомбылықты заң емес, қоғам тоқтата алады

Отбасындағы озбырларды тек заң талаптарын күшейту арқылы жөнге салу мүмкін емес.

Бұл туралы Алматыда өткен Орталық Азия мен Қазақстандағы тұрмыстық зорлық-зомбылық жасаушылармен жұмыс бойынша өткен өңірлік семинарда айтылды.

Орталық Азияның 5 елінен келген сарапшылар гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы әрекет ету, әсіресе отбасылардағы әлімжеттіктің алдын алу және құқық бұзушылармен жұмыс істеу бойынша пікір алмасты.

Семинар нәтижесінде қатысушылар өңірлік платформа құрып, тиімді іс-қимыл жоспарын айқындайды.

Арнайы коррекциялық бағдарламалар ғана нәтиже береді, - дейді сарапшылар.

Мәселен, Түркістан облысының екі ауылында үш жыл бойы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде, екі ауылда да отбасында күш көрсету жағдайлары тіркелмеген.

Қоғам болып отбасылық құндылықтарды дәріптеп, ұрпақтың санасына сіңіргенде ғана зорлық-зомбылықтың алдын аламыз,- дейді қатысушылар.

Сағадат Сәбитова, БҰҰ Халық қоныстану қорының гендерлік мәселелер бойынша ұлттық кеңесшісі:

- Зорлық-зомбылықты жою үшін біз қанша заңды қатайтсақ та заңның қатайғаны зорлық-зомбылықты жоймайды. Оның бәрін біз апарып түрмеге тоғытып тастасақ та одан өзге әрбір 3-5-ші әйел отбасында зорлық-зомбылық көреді десек, әрбір 3-5-ші әкені апарып жауып тастайық. Сонда біздің отбасымыз не болады? Ең бірінші мұның алдын алу мақсаты бірінші қоғамда төзушілік болмау керек. Біздің әлеуметтік жауапкершілігіміз болу керек.