Павлодарда жүрекке күрделі операция жасалды
Павлодарлық кардиохирургтер науқастың жүрегіне күрделі операция жасап, алғаш рет митральді клапан орнатты, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бұған дейін мұндай опреацияны ұлттық орталық дәрігерлері ғана жасайтын. Инновациялық хирургиялық операция ашық тәсілмен емес, транскатетерлі құрылғының көмегімен жасалады.
Елена Нұрахметова үшін бұл бірінші операция емес. Бұған дейін жүрек клапанын протездеу бойынша ота жасалған. Десе де араға 3 жыл өткенде жағдайы нашарлап, сырқаты сыр берген. Енді ол күндер артта қалды. 44 жастағы азаматша бірер күнде үйіне оралады.
Елена Нұрахметова, емделуші:
- Үйде жақындарым күтіп отыр. 14 жасар ұлымды қатты сағындым. Қазір жағдайым жақсы. Еш жерім ауырмайды. Дәрігерлерге алғысым шексіз.
Бұл – өңір медицинасы үшін жаңашыл инновация. 4 сағатқа созылған операцияны жасауға кардиохирург, анестезиолог-реаниматолог, трансфузиологтар мен перфузиологтар бригадасы қатысты. Астанадағы ұлттық орталық мамандары да жұмылдырылды. Бүгінде кардиохирургия орталығында жүрекке операцияның 50-ден астам түрі жасалады. Мамандар жыл сайын біліктілігін арттырып, озық технологияларды меңгеріп жатыр.
Мұрат Райханов, облыстық кардиохирургия орталығының бөлім меңгерушісі:
- Бұл операция жабық тәсілмен жасалды. Қиындығы осында. Яғни, мамандар жүректі ашық көрмейді. Ота тек сан тамыры арқылы транскатетердің көмегімен жасалды. Біз кардиограмма, рентген мен ультрадыбыстық зерттеу мәліметтеріне ғана сүйендік. Нәтиже жақсы. Ең бастысы, емделушіміздің жағдайы тұрақталды.
Сәтті өткен операция салада қол жеткізген жетістіктердің бір парасы ғана. Облыста «Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясындағы бірқатар жоба бар. Басты мақсат – әр азамат үшін медицинаның қолжетімділігін арттыру.
Айдар Сейітқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Биыл 20 медициналық нысан күрделі жөндеуді жоспарладық. Бүгінде 11 мекемедегі жұмыстар аяқталды. Денсаулық сақтау нысандарының материалдық базасын жетілдіру мақсатында 400-ден астам заманауи техника сатып алынды. Ауылдық мекемелерге басымдық береміз. Сонымен қатар 2025 жылға қарай шалғай елді мекендердің санитарлық көліктері 100% жаңарады.
Бүгінде жергілікті медициналық ұйымдарға 160 дәрігер қажет. Ұлттық жоба кадр тапшылығы мәселесін шешуге де септігін тигізбек. Былтыр жергілікті бюджеттен 38 оқу гранты бөлінсе, келесі жылы екі есе көбейеді. Кешенді шаралар нәтижесінде өңірге 100-ден астам жас маман келді.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков.