Оралда отандық ыдыс-аяқ өндірісі жолға қойылды
Батысқазақстандық кәсіпкер ыдыс-аяқ өндірісін жолға қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Нұрсұлу Ахметованың қолынан шыққан ұлттық өрнектегі ағаш бұйымдар сұранысқа ие. Кәсіпкер келіншек өз ісінің өрге басуына мемлекеттік бағдарламалар көмектескенін айтады.
Мына шағын цехта күніне ұлттық нақыштағы жүздеген ыдыс-аяқ түрі жасалып, тұтынушыға жол тартады. Әрқилы кәдесыйлар жасалады. Атадан жеткен мұраларымыз заманауи бояуға малынып шығады. Мысалы, мына бесік қажетінде жер үстел әрі кереуетке айналады.
Қанапия Ахметов, шеберхана иесі:
- Бесікке жата-жата шаршайды ғой бала. Сонда бүйтіп айналдырып, матрасын қойып, көрпесі бар еді ғой мына жерде, кереует болады. Балаға шағын кереует. Енді оны бесікке айналдырамыз.
Ағайынды Ахметовтардың ағаш ыдыстар цехы осыдан 3 жыл бұрын ашылды. Бұрын баспахана ісімен айналысқан кәсіпкерлер коронавирус пандемиясы кезінде осы салаға бет бұрған. Қазір кәсіпорында 15 адам еңбек етеді. Ұлттық оюмен өрнектелген ағаш кесе, тостаған, астабақтар тапсырыспен еліміздің әр аймағына жіберіледі.
Нұрсұлу Ахметова, кәсіпкер:
- Арнайы зығыр майы аптекадан алып майлаймыз. Ол ыдыстарға ешқандай лак жақындатпаймыз. Себебі ыстық тамақ салынады ғой. Ыстық тамақ салғасын ол көтеріледі, иіс болады. Соңғы уақытта көбіне қошқар мүйіз қазақ оюларын салып шығарып жатырмыз. Енді бүкіл елге әйгілі қылып дамытқымыз келеді.
Іскер жан өз ісінің өрге басуына мемлекеттің қолдауы орасан екенін айтады. Кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша ол былтыр 20 миллион теңгеге 8 ағаш кесетін станок алды. Несие 5% берілген. Үстіндегі қалған 16%-і мемлекеттен субсидияланады. Өңір кәсіпкерлерін қолдауға биыл жалпы алғанда 2 миллиард теңге қаралды.
Мейрам Қабдығалиев, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Соның ішінде 1,6 млрд теңге пайыздық ставканы субсидиялауға, 162 млн теңге кепілдеме беруге, 137 млн теңге мемлекеттік гранттар беруге қарастырылған. Қазір барлық бөлінген қаржы игерілді. Айтып кетер болсақ, пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға 333 жоба мақұлданды, кепілдеме беру бойынша 295 жоба мақұлданды және мемлекеттік гранттар беру бойынша 98 млн теңгеге 25 жоба мақұлданды.
Сонымен қатар қазір өңірде жас кәсіпкерлерді қолдау бағдарламасы да табысты жүзеге асып келеді. Өз ісін ашам деген жігерлі жастарға 7 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие беру көзделген.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы,Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов.