«Ауыл аманаты»: Ақтөбе облысында жобаға ₸12,5 млрд бөлінген

Ауылға келіп, кәсібін дөңгелетіп жүргендер бар.

Енді бұлардың игілікті ісін көріп, елге оралғысы келетіндер де аз емес екен. 

Бастысы, ел-жұрт мемлекеттің көмегіне арқа сүйейді. Ақтөбе облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға қосымша 12,5 миллиард теңге бөлінген. Осының арқасында мың жарымға жуық жоба жүзеге асты.

Жанна Куканованың Родников ауылына көшіп келгеніне 3 жылға таяп қалды. Көз жанарына түскен дертіне қарамастан елді мекеннің күйбің тірлігіне белсене араласады. Мемлекеттің қаржылай қолдауы арқасында асыл тұқымды ешкі бағады. Қазір сүт өңдеуді қолға алған. 

Жанна Куканова, Родников ауылының тұрғыны:

- Бірінші рет өтініш білдіргенімде 2 млн 200 мың теңге алдым. Ақша 4 ешкі сатып алуға жетті. Толық есептесіп іске кіріскенімде тағы 1 млн 200 мың теңге алдым. Бұл – өте тиімді бағдарлама. Өтемақысы да аз.

Шаруа қожалығымен айналысатын ауыл тұрғыны көпбалалы отбасыларға да қолдау көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерді жаз мезгілінде табиғат аясына шығарып, жан-жануарлармен жақын болуға шақырады. Қазір ауылдың амбассадоры болдым, - дейді. Шалғайдағы елді мекеннен жайлылық тапқан жанның ақыл-кеңесіне құлақ асып, осында көшіп келуге ниеттілер де бар.

Жанна Куканова, Родников ауылы тұрғыны:

- Үнемі өзгелерге үлгі болуға тырысамыз. Бір жерде отыра беруге болмайды. Ауылдың таза ауасымен тыныстап, аулада өсірген көкөніс пен төрт түліктің өнімдерімен қоректенудің өзі ағзаға пайда. Шаруашылыққа бет бұрсаң, бала-шағаңды асырап, болашағына қор жинауға да жетеді. Қазір осы сөзіме құлақ асқан бір құрбыма ауылдан үй іздеп жүрміз. 

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Мәртөк ауданында 214 жоба жүзеге асырылды. Төрт түлікпен қатар құс шаруашылығы мен жылыжай кешендері де ашылды. Дайын өнімдер жергілікті дүкендермен бірге облыс орталығындағы сауда орындарына жеткізіледі. 

Алмас Салықбаев, Мәртөк ауданының әкімі:

- Жылыжайлар бірінші өнімін желтоқсан айында беретін болса, сол желтоқсан айында біз қазір Ақтөбе қаласының әкімідігімен келісіп, уақыттарын сататын жерлерін дайындап келісіп отырмыз. Әлеуметтік базарлар бар, сонымен қатар кейбір кәсіпкерлердің ұсынысы бойынша мысалы базарлар болады, өзінің сұраныстары бар, сол келісіп, жұмыстарды ұйымдастырып жатырмыз.

Бағдарлама аясында қаржылай қолдаумен қатар жеңілдетілген тауарлық несие де бар. Мысалы, өңірдің 335 тұрғыны ірі-қара мен қой-ешкі, жылқы алған. Өз кезегінде бұл жергілікті ауыл шаруашылығы өнімінің артуына ықпал етеді. Жыл басынан бері Ақтөбе облысында 103 мың тонна ет, 303 мың тонна сүт өнімі шығарылды. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3%-ке артық.

Авторлары: Мансур Есқожин, Болатбек Молдағалиев.