Шымкентте жиһаз өндірісі дамыған
Қаладағылар да қарап жатқан жоқ. Шымкентте жиһаз өндірісі дамыған.
Қаладағы 100-ге тарта цех пен фабрика биылдыққа 2 миллиард 800 миллион теңгенің өнімін өндірген. Мұның сыры кәсіпкерлер жаңа технология енгізуге құштар әрі соның жемісін де көріп отыр.
Шымкентте жиһаз өндірісіндегі жетекші кәсіпорындар «Тассай» индустриалды аймағында орналасқан. Солардың бірі саланы жетілдіріп, заманауи технологиялық жабдықтарға қол жеткізді. Мұнда автоматтандырылған жүйенің арқасында робот көмекшілерге нұсқау беріледі. Ағашты жоғары дәлдікпен кесіп, бөлшектерді жинақтау да қол еңбегінсіз жүргізіледі.
Руслан Тұрмаханов, технолог:
- Бізде барлығы электронды автоматтандырылған. Осы жерде өңделіп, оралып, қаптап шығарамыз. Смарт машиналар деп атаймыз мыналарды. Солардың жадына электронды цифрлық жүйе жүктеледі өңделіп болғаннан кейін. Әрі қарай бұл машиналар арқылы кесу, бұрғылау жұмыстары атқарылады.
Жиһаз өнеркәсібін цифрландыру өндірісті кеңейтуге мүмкіндік берді. Бір құрылғы 10 қызметкерді алмастырып, жұмысты жалғыз өзі атқарады. Алайда соңғы технологияның тілін білетін білікті кадрларға қажеттілік жоғары.
Вячеслав Погребняк, компанияның атқарушы директоры:
- Біз «Сандық бағдарламалық қамтамасыз ету» жабдықтарын қолданамыз. Сондықтан заманауи құрылғыларда жұмыс істей алатын білікті мамандар қажет. Осы мақсатта жастарды оқытуды өз мойнымызға алып, тәжірибе алмасуға жағдай жасадық.
Заманауи жетістіктер МДФ тақтайшаларын өндіру ісінде де көрініс тапты. 2015 жылы ашылған бұл кәсіпорында жиһаздың негізгі жылтыр және күңгірт тақтайшалары өндіріледі. Өндіріс қуатты жылына 120 мың дана тегіс пішінді панель шығаруға қауқарлы.
Мардан Сәлімбеков, цех басшысы:
- Ішкі нарықта бізде Қазақстан бойынша әр қалада кемінде 11 сатып алушымыз бар. Біздің сапа, Қазақстанда сертификат беріледі, олар тексереді, сондықтан ешқайсысынан кем емес деп ойлаймыз. Міне, қазір шет елдерге шығып жатырмыз. Кішкене автоматты түрде санын көтеруді ойлап отырмыз.
Алайда негізгі шикізат көзі Ресейден жеткізіледі. Ал қажетті бояу мен химиялық қоспаларды Корея мемлекетінен тасымалдаймыз, - дейді мамандар. Себебі отандық өндіріс кешенінде толық кластер құру жағы кенжелеп қалды. Салаға жауаптылар бұл бағытта шағын және орта бизнесті қолдауға көңіл бөліп отыр.
Ермек Тұрманов, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары:
- Бұл мақсатта бізде «Іскер қала» бағдарламасы бар. Яғни, жаңадан бастап жатқан кәсіпкерлер үшін өндіріс аймақтарда жалдау ақысын өтеп береміз, Яғни, бірінші жылы – 75%, екінші жылы – 50%, үшінші жылы – 25%.
Жиһаз өндірушілер отандық өнімнің сапасы мен дизайны жағынан импорттық тауармен бәсекелес бола алатынын айтады. Әсіресе кеңсеге арналған қатты жиһаздар мен мектеп парталарын шығару ісі қарқын алды. Ал жаңадан құрылған «Жұлдыз» индустриалды аумағында саланы дамыту үшін 4 бірдей ірі жоба жүзеге асырылмақ.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.