Не ақша, не пәтер жоқ: ШҚО-да үлескерлер ₸600 млн-нан қағылды
Не ақша, не пәтер жоқ. Шығыс Қазақстанда құрылыс компанияларының жарнамасына сеніп, сан соғып қалған үлескер көп.
Арзан пәтер аламыз деп алданған халық 600 миллион теңгеден қағылды. Өйткені қаланың жаңа ықшам ауданында салынып жатқан тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқ-астынан тоқтап қалды. Салдарынан алдын-ала ақша салған 80-нен астам тұрғын не істейтінін білмей, сенделіп жүр.
Бұл үйдің құрылысы былтыр аяқталып, тұрғындарға берілуі тиіс еді. Бірақ алдын-ала ақша салған жұрт сан соғып қалды. Мән-жайды білуге келген сайын оларды тек күзетші қарсы алады.
Жағдай айтпаса да түсінікті. Құрылыс басында бір жұмысшы, бір техника көрінбеді. Осылай тұрғанына бірнеше ай өткен. Салымшылар жауапты компания өкіліне де хабарласып көрді.
Нысанға 80-нен аса салымшы қаражат құйған. Көпбалалы Айнагүл Сұрағанқызы баспана үшін толық есептескен. Енді пәтер де жоқ, жұмсаған қаражатының қайтарылуы да күмәнді.
Айнагүл Сұрағанқызы, көпбалалы ана:
- 100% дегенім, мен 21 миллион салдым, 100% 3 комнаталы үйге. 4 балам бар. Балалардың ауызынан жырып салған ақшамды енді үй де жоқ, түк те жоқ, шырылдап, жайында жүрміз, қарапайым халық зардап шегіп жатырмыз.
Әсел Әлібекқызы да осы жерден пәтер алмақшы болып, алдын-ала төлем жасаған. Енді іс тоқтап тұрса да, компания тарапынан «қалған соманы төлеңіз» деген хабарлама әлі келіп жатыр деп күйінеді.
Әсел Әлібекқызы, қала тұрғыны:
- Осы құрылыс компаниясына 16 миллион теңге салдық, пәтер құны 18 миллионға, бірақ сонда да қазір застройщиктен 2 миллион теңге сома қалған, тез төлеу керек деп хабарлама кеп жатыр. Құрылыс бітпесе де, иә.
Бұл жерге сәулет құрылыс бақылау басқармасының өкілі де келді. Оның айтуынша, бұл құрылыс компаниясы қалада 3 нысан салып жатыр. Екеуінде барлық заңдылық сақталған. Бірақ осы 6 қабатты үйді салуда «үлескерлер қаражатын жұмсауға» тиісті құжаты болмаған. Бұл аз болғандай құрылыс барысында бір жұмысшы мерт болып, қазір қылмыстық іс жүріп жатыр. Сонымен қатар жобалық-сметалық құжатқа сай 6 емес, 7 қабатты үй салып жатқаны анықталып, тексеріс басталды. Ал үлескерлер енді тек сотқа жүгіне алады.
Самат Қайырденов, ШҚО сәулет-құрылыс бақылау басқармасы инспекция бөлімінің басшысы
- «Договор бронирование» дейді, заңсыз «заключение» келісімшарт болған, боп саналады. Ол бойынша бұл кісілер қазіргі күні сотқа бара алады. Келісімшартты сотқа барып бұзуға, арыз жазуға құқылы.
Жалпы қалада үлескерлер қаражатын игеруге рұқсаты болмаса да, құрылыс жүргізіп жатқан 7 компания анықталды. Олардың әрқайсысына 1 миллион теңге айыппұл салынды. Мамандар тұрғындарға салымшы болмай тұрып, жауапты компанияның қаншалықты заңды жұмыс істеп жатқанын зерделеп алуға кеңес береді.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин.