Қызылорда облысында электр желілері жаңарады
Қызылорда облысында елді мекендердің 70 пайызында электр желілері тозған.
Соның бірі – Жаңақорған ауданының орталығы. Өзекті мәселені шешу үшін былтыр ауқымды құрылыс басталды. Үш жылға жоспарланған жобаның қазір 70 проценті аяқталды.
Жаңақорған кентінің аумағы жыл өте кеңейіп, жаңа көшелер мен мөлтек аудандар қатары артты. Тұрғын үйлер мен ғимараттардың көбеюі электр желілері мен трансформаторларға айтарлықтай күш түсірген. «Өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған бұл құрылғылар соңғы уақытта жиі істен шыға бастады»,- дейді мамандар.
Нұржан Ахметов, Жаңақорған аудандық электр торабының бастығы:
- Авариялық ақаулар жәй күйінде болмайды. Тек жаңбыр жауған кезде, жел болған кезде болады авариялық ағытулар. Сол кездерде өз күшімізбен қайта қалпына келтіреміз. Бірақ жаңа желілер салынған жерлерде авариялық ағытулар болмайды.
Аудан орталығындағы жарық мәселесін шешу үшін былтыр үш жылға межеленген жоба басталды. Құны 3 миллард теңгеден асады. Оның аясында 167 шақырым электр желісі мен 55 қосалқы станцияны жаңарту керек. Электр тарату торабы да қайта жаңғыртылады.
Қайрат Сапарбаев, Жаңақорған аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:
- Келесі жылы осы құрылыс аяқталған соң Жаңақорған кентінің халқын сапалы электр энергиямен қамтамасыз ететін боламыз. Сөз басында айтқан 75 пайыз тозығы жету көрсеткіші 40 пайызға дейін төмендейтін болады.
Биыл облыс аумағында барлық электр желісі мен трансформаторлардың 2 пайызы жаңарды. Оған 3,7 миллард теңге жұмсалды.
Болатбек Ысмағұлов, облыстық Энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:
- 32 шақырым электр желілері мен кабельдер ауыстырылған болса, 55 қосалқы трансформаторлар жаңғырту жұмыстары жүргізілді және 27 трансформаторлы қосалқы стансалар ауыстырылды, жаңасына.
Өңірде электр желілерінің 66 пайызы тозып тұр. Бұл көрсеткішті жақсарту үшін келер жылы Шиелі ауданы мен облыс орталығында бірнеше жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин