Елде дәрігер мәртебесі заңмен қорғалады
Елде дәрігерлердің құқығы бұзылатын жайттар жиіледі.
Ақ халаттыларға дөрекі сөйлеп, қол жұмсаған бейнежазбалар әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Таяуда Талғарда ер адамның ақ халаттыларды аурухананың қақ ортасында ұрып-соққаны соның бір дәлелі. Осындай әккі әрекеттерге тосқауыл қойып, абзал жандардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету үшін арнайы заң жобасы әзірленді. Енді медицицина саласын оң өзгерістер күтіп тұр.
Бұл кадрларда ер адам Шымкент ауруханаларының бірінде медициналық қызметкерлерге шабуыл жасады. Науқас орталыққа психикалық ауытқу жағдайында жеткізілген. Дәрігерлер оны тыныштандыруға тырысқанда, ер азамат ақхалаттыларға жұдырық ала жүргірді. Осы оқиға дәрігерлердің түрлі агрессияға жиі тап болатынын тағы бір мәрте көрсетті. Осыған орай, Мемлекет басшысы медицина қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын нығайту қажеттігін айтып, Үкіметке нақты тапсырма берді. Жауапты ведомство заң жобасын әзірледі. Қазір құжат Парлменттің қарауында.
Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Медициналық қызметкерлерге әртүрлі шабуылдар жасалады. Бүгінгі таңда дәрігерлер қолданыстағы заңнамада бөлек категория ретіндей қаралмайды. Осыған орай біз 2021 жылы медицина қызметкерлерінің құқықтары, кәсіби қызметін қорғау, сақтандыру, мәртебесін көтеру туралы заң жобасын әзірледік. Онда медицина қызметкерлеріне қатысты нормаларды күшейттік мұны қазір біздің депутаттар өте белсенді қолдап отыр.
Ақхалаттылар бұл заңның шығуын асыға күтеді. Өйткені жобада қаржылай қолдау, яғни сақтандыру мәселесі; құқықтық қорғау: бұл Қылмыстық кодекстің 317 бабына өзгертулер енгізіп, дәрігер қателігі үшін жауапкершілікті жеңілдету сынды өзгерістерді қамтиды. Құжаттағы үшінші мәселе медицина қызметкерлерінің мәртебесін көтеру.
Файзулла Биссмилдин, ҰНО сапаны бақылау және тәуекелді басқару бөлімінің басшысы:
- Әрбір медициналық мекеме міндетті болады сақтандыру компаниясымен шартқа отыруға. Егер науқасқа түрлі зиян келтірілсе компенсация жасалады. Медицина қызметкерлері қазір медицинаға бармай жатыр. Келіп қалатындар да көп. Өйткені еңбек ақысы көп емес, сондықтан медицина саласына, қайтадан медицицна қызметкерлерінің келуіне мүмкіндік болады деп ойлаймын осы заң шыққаннан кейін.
Медицина мамандарының мәртебесін көтеру олардың қызметіне құрметпен қарап, құқықтық қорғауды қамтамасыз етеді. Сәйкесінше, қазақстандықтарға көрсетілетін медициналық қызмет сапасының артуына да сеп болуы әбден мүмкін.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мұхамедали Тилдабаев