Алматыдағы «София» тұрғын үй кешенінде ыстық су жоқ

Алматыдағы «София» тұрғын үй кешенінің тұрғындары баспаналарына көңілі толмай отыр.

Үйлер маусым айында пайдалануға берілгенімен кейбірінде әлі күнге дейін ыстық су жоқ. Жылуды да кешіктіріп берген. Кешен орталық су жүйесіне қосылмағандықтан, жұртшылық суық суды резервуардан алуға мәжбүр. «Ай сайын қомақты ипотекалық несие төлеп отырсақ та, лайықты жағдай жасалмаған»,-дейді алматылықтар.

Алатау ауданындағы «София» тұрғын үй кешенінің 7 үйі пайдалануға берілді деген аты ғана. Көрер көзге мұнда әлі де құрылыс жұмыстары жүріп жатқаны анық байқалады. Жақын жерде тұрғын үй кешенінің екінші кезегінің құрылысы жүруде. «Ірі жүк көліктері құрылыс алаңына, пайдалануға берілген үйлердің ауласы арқылы өтеді. Қолайсыздығы өз алдына, балалардың үйге кіріп шығуына алаңдаймыз», - дейді тұрғындар.

Бауыржан Ескендіров, "София" ТК тұрғыны:

- Ішкі әрлеудің сапасына қарасаңыз, дәлізде стандартты құрылыс нормалары сақталмаған.  Мәселен, баспалдақтарда  2-3 сантиметр айырмашылық бар. Норма бойынша олар бірдей болуы керек - биіктігі 15, ені 30. Бұл жерде олай емес. Баспалдақтар әртүрлі. Жан-жақта тоқ сымдары салбырап тұр. Балалар үшін өте қауіпті.

Тұрғындардың дені пәтерлерін ипотекалық бағдарламамен алған. «Келісім-шартта «комфорт-класс» санатындағы үй деп көрсетілген, шын мәнінде мұндағы жағдай экономға да жетпейді», - дейді тұрғындар.

Толғанай Ескендірова, "София" ТК тұрғыны:

- Бұлар бізге уақыт берді. 45 күннің ішінде договор бойынша 45 күннің ішінде оформляться етіп алып алмасаңыздар біз расторгаем договор дегендей бізге айтқан болатын. Застройщиктің атынан. Одан кейін бәз бәрін біле отыра договорға сәйкес біз асықтық. Біз машинамызды саттық, тағысын тағы ақшаны құйдық та қазіргі банктің өзінің программасы бойынша ақшаны барынша салып алуға тырыстық. Сөйтіп алдық та кірдік.

Мұнда балалар алаңы, тұрғындардың жайлылығы туралы айтудың өзі артық. Себебі, жертөлелер суға толған, кейбір үйлерде ыстық су жоқ, ал, суық су бірде болса бірде болмайды. Тұрғын үйлер жеке қазандықтан солярка арқылы жылытылуда. Алайда, құрылыс жүргізуші Time Group Construction компаниясының өкілдері құрылыстың 90 проценті бітті, - деп отыр.

Айтжан Тұрарбекұлы, құрылыс компаниясының өкілі:

- Бірінші кезекте 7 үйді пайдалануға бердік. Алты үйде жылу болды. Жетіншісін өткен аптада жылуға қостық. Біз күн сайын, сағат сайын, қарап тексеріп отырмыз. Әрине, кейде істен шығып жатады, бастапқыда онсыз болмайды. Қазіргі уақытта ұсақ-түйек жұмыстар жасалып жатыр, суағар орнату, ауланы абаттандыру сияқты.

Ал жертөленің суға толуына тұрғындардың да кінәсі бар, - дейді компания өкілдері. Пәтерге  жөндеу жұмыстарын жүргізгенде құрылыс қоспаларын кәрізге төгіп,  құбырлар бітеліп, жарылуда. Қазіргі уақытта тұрғын үй кешеніне қатысты тексеру жұмыстары қолға алынды.

Дархан Тайсаринов, қалалық қала құрылысын бақылау басқармасының бас маманы:

- София тұрғын үй кешені бойынша басқармамен тұрғындардың өтініштері негізінде жоспардан тыс тексеру тіркелуде. Нәтижелері бойынша қосымша хабарланады. Тексеріс екі аптадай уақыт алады.

Құрылыс компаниясы өкілінің айтуынша, тұрғын үй кешені 25 қарашада  орталық су және жылу жүйесіне қосылады. Айтжан Тұрарбекұлы, тұрғындар қысты қамсыз өткізеді деп сендірді.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев