«Бест Қостанай» диірмен комбинаты экспорт көлемін арттырып келеді

Сонымен қатар өз өнімдерін өткізу кеңістігін де кеңейте түскен.

Зауыт басшылығы осы күнге дейін импорттаушылармен 40 экспорттық келісім жасасқан. Оның жалпы сомасы – 11 жарым миллиард теңге. Кәсіпорынның осындай жетістікке жетуіне Бәйтерек Холдингінің  еншілес ұйымы «ҚазақЭскпорт» компаниясының көмегі зор.

«Бест Қостанай» диірмен комбинаты  2006 жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқы кезде мұнда күніне 200 тонна ұн өндірілді. Қазір бұл көрсеткіш мың тоннаға жетті. Өндірістің артуымен экспортта біршама ұлғайды. Бүгінгі таңда кәсіпорын ұнның 95 процентін Орталық Азия елдеріне жібереді. «Бест Қостанай» комбинаты қашанда ҚазақЭкспорт компаниясының көмек-қолдауына иек артады. Бұл қаржы айналымын толықтырып отыруға, экспорттық келісім-шарттарын сақтандыруға жақсы мүмкіндік.

Нихат Джан, "Бест Қостанай" ЖШС құрылтайшысы:

- «КазахЭкспорт» біз үшін банктен қосымша несие алудың кепілдік құралы. Комбинат өндіріс қуатын тұрақты түрде өсіріп келеді. Сондықтан айналымда ақша болуы аса маңызды.  

2016 жылдан бергі аралықта ҚазақЭкспорттың өз өнімдерін сыртқа өткізушілерге қаржылай демеуі 900 миллиард тенгеден асып түсті. Осындай көмек өңдеу саласындағы 200-ден аса отандық кәсіпорынға көрсетілді.

Ерлан Аушәріпов, "Бәйтерек" ҰБХ" АҚ басқарушы директоры: 

- «Қазақстандық экспорттаушыларды қолдау холдингтің басым бағыттарының бірі. Бұл тұрғыда қолдаудың кең түрін ұсынатын Қазақстан Даму банкі мен ҚазақЭкспорттың ролі зор екендігін айта кеткен жөн.

Дәурен Нұранов, KazakhExport сақтандыру департаментінің директоры:

- 2023 жылдың басынан есептегенде экспорттаушы-компаниялар ҚазақЭкспорт қолдауының арқасында 683 миллиард тенгеге экспорттық келісім жасап отыр.  

2023 жылдың 11 айында қолдауға ие болған шағын және орта бизнес жобаларының үлесі  70 процентке жетті.  Өткен жылдың өзінде «ҚазақЭкспорт» компанисы отандық 80 экспорттаушыға көмек көрсеткен.  Авторлары: Мағауия Қалиев , Ермек Мұхамедияров