Оралда көше тазалығына жауапты жұмысшылар жетіспейді
Биыл Батыс Қазақстан облысындағы мансап орталықтарына 40 мыңнан астам адам жұмыс іздеп келген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Әсіресе Оралда көше тазалығына жауапты жұмысшыларға сұраныс көп.
Нұрлан Махимов ауыл шаруашылығы саласында ұзақ жылдар бойы механизатор болып еңбек еткен. Кейін қалаға көшіп келген соң коммуналдық кәсіпорынға жұмысқа орналасты. Ол көше тазалайтын арнайы техниканы тізгіндейді. Механизатор биыл зейнетке шықса да, жұмысын әлі жалғастырып жатыр.
Нұрлан Махимов, механизатор:
- Жұмыс ауыр емес. Біздер енді техникаға жастайымыздан үйренген кісіміз ғой.. Біздер негізі путевка бойынша ғой енді. Путевка, мысалы, қаншаға шығады сонша. Бізде оклад деген жоқ. Жаздыгүндері аз болады. Қыста жұмыс көп болады, кішкене көтеріңкі болады. Жалақы сондай енді.
Кәсіпорында 700-ден астам адам екі ауысыммен еңбек етіп жүр. Көше сыпырушылардың жалақысы 180 мың, ал механизаторлардың айлығы 200 мың теңгеден жоғары. Жұмысшыларға жыл сайын еңбек демалысы мен сауықтыру жәрдемақысы қарастырылған. Алайда мұның өзі көпшіліктің ынтасын оятуға аздық етіп тұр.
Ринат Нұрғалиев, коммуналдық кәсіпорын директоры:
- Біздерде көбі «предпенсионный» адамдар, 50-ден кеткен, 60-қа жеткен. Жастар жұмысқа келгісі келмейді. Келесі жылға тағы да жоспарымыз бар жалақы көтереміз бе деген. Қала аумағы күннен күнге өсіп жатқасын тағы да біз жұмыс күштерін күшейтудеміз. Қазір мекемеде 750 адам жұмыс істейтін болса, біздер мыңға дейін апару – алға қойған мақсатымыз.
Биыл облыстағы мансап орталықтарына 40 мыңнан астам адам жұмыс іздеп келген. Алайда олардың бәрі дерлік көше тазалығына жауапты кәсіпорыннан ұсынылған жұмысты қабылдамапты.
Айнұр Қазымұқанова, Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:
- Осы жылы «ЖайықТазаҚала» ЖШС бізге 100-ден астам өтініш берген болатын. Жұмыс ұсыну барысында көпшілігі жұмыстың ауырлығына сәйкес көп келісе бермейді жолдама алуға. Егер де басқа мамандық бойынша жұмыс бар болса, соған қарай жолдама алуға ниеттенеді. Жәрмеңке өтетіні жөнінде бізде барлық ақпараттар қала тұрғындарына жеткізілді.
Кәсіпорында 200-ге тарта техника бар. Соның тең жартысы соңғы 4 жыл ішінде сатып алынған. Қысы-жазы коммуналдық қызмет көрсетуге техника жеткілікті, - дейді кәсіпорын өкілдері. Тек еңбеккерлердің тапшылығы қыста қар аршу жұмыстарының қарқынына кері әсерін тигізуі мүмкін.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов.