Ақмола облысының ауылдық мектебіне Starlink интернеті қосылды
Ақмола облысының ауылдық мектебінде Starlink компаниясының жоғары жылдамдықты интернеті іске қосылды.
Білім ордасы пилоттық жоба аясында алғашқылардың бірі болып компания қызметіне қол жеткізді.
Жел тұрса жарығы өшіп қалатын Қазақстанның шалғай ауылдарына Илон Масктың интернеті жетті. 10 қазанда Қорғалжын ауданы Майшұқыр ауылының орта мектебіне Старлинг спутниктік жабдығы орнатылды. Ол білім ордасын жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етеді. Құрылғының жұмысына мектеп ұжымы дән риза.
Жанна Капбасова, математика пәнінің мұғалімі:
- Әдістемелік материалдарды біз өзіміздің мобильный телефонмен өзіміздің тарифпен алып терезеге қойып, сол терезеден точка доступа таратып, жұмыс істедік. Қолайсыз күндері интернет істемей қалатын. Көп қиналдық. Интернет орнатқаннан бері бәрі жақсы болды.
Бұл қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты қысқартуға көмектеседі. Сондай-ақ ауыл педагогтеріне түрлі онлайн-трансляцияларға қатысуға мүмкіндік береді дейді мамандар.
Жүсіп Махметов, Майшұқыр ауылының мектеп директоры:
- Старлинг интернеті қосылды. Жылдамдығы 100 мегабит секундына. Қазіргі уақытта мұғалімдеріміз бен оқушыларымыз пайдаланып жатыр. bilimland платформасы арқылы сабақ барысы өтуде. Алдындағы интернет болды мектебімізде. Оның жылдамдығы 4 мегабит болды секундына. Жылдамдығы аз болды.
Пилоттық жоба аясында 2024 жылы облыстың 270 мектебін осындай интернетпен қамтамасыз ету жоспарналып отыр. Бұл 33 мыңға жуық оқушыға замануи жолмен ақпарат алып, оқуға мүмкіндік береді.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Мұрат Әріпханов, Дмитрий Димитриев