Алматылық полиция қызметкерлері 79 заң бұзушылықты анықтады
Қазақстанда ауқымды «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр.
Рейдтің алғашқы күні алматылық полиция қызметкерлері 79 заң бұзушылықты анықтады. Олардың дені бұзақылық және заңсыз миграцияға байланысты.
Қазақстанда ауқымды «Құқықтық тәртіп» жедел-алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Рейдтің алғашқы күні алматылық полиция қызметкерлері 79 заң бұзушылықты анықтады. Олардың дені бұзақылық және заңсыз миграцияға байланысты. Толығырақ тілші материалында.
Әуезов ауданы көші-қон полициясының қызметкерлері әуелі құрылыс нысандарына, базар, тұрғын үй кешендері мен саябақтарға рейдке шықты. Заңсыз мигранттардың басым бөлігі құрылыс пен қоғамдық тамақтану орындарында жұмыс істейді.
Мұндай рейдтердің басты мақсаты көші-қон заңын бұзушыларды анықтау. Ережені елемейтіндердің дені Өзбекстан мен Тәжікстан азаматтары. Олар уақытша тіркелгенімен, жұмыс істеуге патент алмайды. Мысалы, шет елден келіп жолаушы тасумен айналысқандар анықталды.
Ұланбек Әбілқайыр, Әуезов аудандық полиция бөлімінің басшысы:
- Ол екеуі көші-қон заңнамасын бұзған мынау Қазақстан республикасының аумағында. Сонымен қатар жол жүру ережесін бұзған. Сол үшін қазір міне автокөліктерді арнайы автотұраққа қойып жатырмыз. Барлық айыппұлдарын төлегеннен кейін автокөліктер иесіне қайтарылады.
Қалада жол ережесінің сақталуы қатаң бақылауда. Көбіне жүргізушілер жылдамдықты сақтамайды, қауіпсіздік белдігін тақпайды. Терезелерін тұмшалап алғандар, ішімдік ішіп рөлге отырғандарда кездеседі. Көлікті екінші қатарға қойып кетушілерде азаяр емес.
Тәжікстанның мемлекеттік номері тағылған мына көлік бірден полицияның назарына түсті. Олардың айтуынша машинаның шамдары өзгертілген.
Асқат Әбішев, патрульдік полиция полкінің инспекторы:
- Жүргізуші көлігінің алдыңғы фарларына қосымша жарықшамдарды орнатып алған. Біздің елде ондайға тиым салынған. 590-шы баптың 7-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттама толтырылады.
Бір тәуліктің ішінде алматылық тәртіп сақшылары 79 құқық бұзушыны анықтады. Олардың басым бөлігі кішігірім бұзақылық жасап, көші-қон заңнамасын бұзғандар. Заңды сақтамағандарға әкімшілік шара қолданылды.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Қарлығаш Менаяқова, Сұлтан Бейсекенов