Елімізге қызылшаға қарсы екпенің 500 мың дозасы әкелінді
Елде эпидахуалды тұрақтандыру шаралары қабылданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».
Бүгін қызылшаға, қызамыққа және паротитке қарсы екпенің 500 мың дозасы Алматыға жеткізілді. Вакцина жұқпалы ауру өршейін деп тұрған өңірлерге жіберіледі.
Үндістан елінің өніміне, оның сапасы мен қауіпсіздігіне Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы кепілдік береді. Препараттың бұл түрі әлемде 60 жыл бойы қолданылып келеді.
Екпені бірінші кезекте 6 айдан 11 айға дейінгі сәбилер алады. Желтоқсан айынан бастап егу мәртебесіне қарамастан 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларды, 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері мен профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі жастарды қосымша иммундау жүргізіледі.
Айта кеткен жөн, аурудың алдын алу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы екпе негізі 2 мәрте беріледі. Бала алғашқы екпесін 12-15 айлығында және екіншісін 6 жасында алады.