Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты петицияны назарға алады

Үкімет елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жұртшылықтың петициясын назарға алуға әзір.

Бұл жайында Премьер-министр Әлихан Смайылов мәлімдеді. Өткен айда 90-нан астам түзету енгізілген «Әйелдер құқығы мен балаларды қорғау туралы» заң жобасы Үкіметте талқыланған болатын. Бұл түзетулер тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Заң жобасы мемлекеттік органдармен келісілгеннен кейін Параламенттің қарауына енгізіледі.

Сонымен қатар Әлихан Смайылов тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып елімізде қабылданғанын атап өтті. Жуырда ғана нормалар кезекті рет қатаңдатылып, жазалау мерзімдері арттырылды. Нәтижелері де байқалып жатыр.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Петицияға қатысты қоғамдық бақылау туралы заң жобасы жуырда қабылданды, келер жылдың сәуір айында күшіне енеді. Сонымен қатар біз тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Петиция жайлы норма әлі күшіне енбегеніне қарамастан мемлекеттік органдар азаматтардың арыз-шағымдарын қарауға міндетті. Ал петиция дегеніміз – көп адамның пікір білдіруі. Сол себепті біз міндетті түрде азаматтардың өтініштерін, оның ішінде петицияны да қарауға аламыз. Қазірдің өзінде бұндай өтініштерді қарастыруға әзірміз.