Қостанай облысындағы жұртты жалықтырған жол жыры

Арқалық қаласының маңындағы Родина аулының тұрғындары жаңадан салынған жолдың сапасына наразы.

Олардың айтуынша асығыс төселген асфальттың кедір бұдыры көп. Жиектері қиыршық таспен бекітілмеген. Сондықтан езіліп, тез бұзылады.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Родина ауылындағы жол жыры ұзаққа созылып кетті. Ауыл ішіндегі 14 көшеге жаз ортасына дейін асфальт төселіп болуға тиіс еді. Бірақ ол толық аяқталмаған Арнайы комиссия көптеген кемшілікті анықтап, жұмысты қабылдамаған.

Мұндағы үлкен кіші көлік жолымен жүруге мүәжбүр. Себебі жол жиегі ми батпақ болып, езіліп жатыр. Екі жыл бұрын су құбырын ауыстырғаннан бері осындай жағдай. Тіпті жаңа төселген асфальт жиектерін қиыршық таспен тегістеуді де ұмыт қалдырған.

Сақтаған Қажин, Родина ауылының тұрғыны:

- Ауыр машина жүргенде бұлай резка бұрғанда шетінен постепенно бұзылып отырады. Бұл жерден басталса, бүкіл су тесіктерді табады. Содан бұзылады. Ол постепенно,  ақырын-ақырын көбейгенде астынан кетіп отырады.

Жаяу жүргінші жолы жобада көрсетілмеген. Тек көше бойындағы көлік жолдарын асфальттап шығу міндеттелген. Оған бюджеттен 406 миллион теңге қаралды. Бірақ мердігер мерзімінде үлгермеген. Сондықтан әкімдік оны жауапсыз деп тану жөнінде сотқа шағым түсірген. Техникалық бақылаушылар да бірнеше кінәрат тапқан.

Елена Реджепова, Родина ауылдық округі әкімінің м.а:

- Асфальт қалыңдығы, құрамы нормаға сәйкес емес. Кей тұстарында бірнеше сантиметр жетіспей жатты. Сапасы да көңіл көншітпейді. Асфальт төселгеннен кейін жиектерін қиыршық таспен тегістеуі керек еді. Оны да аяқсыз қалдырды.

Мердігердің кемшіліктерді қашан жоятыны белгісіз. Ал әкімдік бәрін талапқа сай келтірмей қабылдамаймыз деп отыр.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг