Әулиеата өңірінде балық көбейеді

Жамбыл облысы балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арнаулы бағдарлама бекітіп, өнім көлемін еселеп арттыруға ден қойған. Ауылдағы ағайын тоғандарға көптеп шабақ жіберіп, өсімін күтіп отыр. Биыл аймақта 860 тоннаға жуық тауарлы өнім дайындалды. Жамбылдықтар енді бұл межені келешекте 8 мың тоннаға жеткіземіз дейді.

Татьяна Боровикова Меркі ауданында былтыр ашылған балық шаруашылығында жұмыс істейді. Гранитогорскі ауылындағы шаруашылық  аймаққа алғаш рет африкалық жайынды алып келді. Бүгінде уылдырықтан бастап дайын өнімге дейін өздері шығарады.

Татьяна Боровикова, технолог:

- Ең алдымен ірі деген аталық және аналық балықтарды қосып, қолдан ұрықтандырамыз. Алғашқы инкубациядан 10 мың шабақ алдық. Солайша, тәжірибе жинап, қазір 40 мыңға дейін жеткізіп отырмыз. Бүгінде 3 ай сайын тұрақты түрде инкубация жасап отырамыз. Шабақтардың бір бөлігін өзге шаруашылықтар да сатып алады.

Мерей Бает, тілші:

- Африкалық сомды өсіру үшін судың температурасы +24 +26 градус болуы қажет. Сонымен қоса ғимараттағы ауа температурасы да тұрақты болуы тиіс. Сонда ғана уылдырық 6 ай ішіне мынадай 2 келіге дейінгі өнім айналады.

Шаруашылық құрылғылар мен биофильтрді Ресейден алған. Мұнда ауылдың 14 тұрғыны тұрақты жұмыс істейді. Олар жылына 20 мың тонна балық өнімін шығарып отыр. Жайынның бұл түрі тұтынушылар тарапынан сұранысқа ие. Қылқаны аз, дәмі де тіл үйіретін балыққа Жамбыл облысы мен Алматы, Астана қалаларынан сұраныс бар.

Жалпы аймақта 30-дан аса балық шаруашылығы бар. Оларды қолдау мақсатында мемлекеттен қаржы бөлінеді.

Ерболат Таматаев, Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының бөлім басшысы:

- Майшабақ сатып алғанға 50% төленеді. Жемге 30% төленеді. Қазіргі таңға 281 миллионның 130 миллионы игерілді. Сонымен қатар инвест. субсидия дейді. Құрал-жабдықтар, су айдынын соғатын болса, республикалық бюджеттен төленеді.

Жамбыл облысында балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Сол жоспарға сәйкес 2030 жылға қарай тауарлы балық өнімін өңірде 8 мың тоннаға жетеді, - дейді жауаптылар. 

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев.