Елде өзін-өзі қорғай алатын әйелдердің саны артып келеді
Кейінгі уақытта Қазақстанда өзін-өзі қорғау курстарына жазылып, жекпе-жектің түрлі тәсілдерін үйреніп жүрген қыз-келіншектердің саны көбейген, деп хабарлайды «Хабар 24».
Мұның бірнеше себебі бар. Әріптесім Альмира Оразбай қауіптен қаймықпай, қарымта қайтара білетін қыздарды сөзге тартты.
Астаналық Ботагөз Қасымованың жасы 35-те. Бұрын би және йога секілді үйірмелерге қатысатын. Ал қазір джиу-джитсумен айналысады. Тіпті бұл спорт түрінен Азия және әлем чемпионаттарының қола жүлдегері атанып үлгерген. Бимен айналысқан нәзік жанның джиу-джитсуға қызығушылық танытқаны бекер емес.
Ботагөз Қасымова, джиу-джитсудан әлем чемпионатының қола жүлдегері:
- Тұрмыста болғанымда жолдасым ренжіткен жоқ, бірақ ер адамдармен келеңсіз оқиғаларға жиі тап болатынмын. Бір күні көшеде келе жатқанымда бір жігіт маған шабуыл жасады. Мұндай жағдайда қыз баласы не істерін білмей қалатыны рас. Негізі қазір өзін-өзі қорғай алатын әйелдердің саны артып келеді. Бұл – қуантарлық жағдай.
Расында, қазір тек өзінің күшіне сенетін нәзік жандардың саны артып келеді. Тіпті үлкен қалаларда арнайы «өзін-өзі қорғау» курстары жұмыс істеп тұр. Себебі статистика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 700-ден астам фактісі тіркелген. 35-тен астам әйел күйеуінің қолынан қаза тапқан.
Арман Ділмағанбетов, өзін-өзі қорғау инструкторы:
- Менде қыздар да, еркектер де, кішкентай балалар да дайындалады. Көбінесе қыздар. Алдыңғы жылы бізде 5 қыз дайындалып жүрді. Қазір ендігі жылдан бастап 15-20 қыз дайындалып жүр персоналды. Еркекке қарағанда күштері аздау ғой. Сол үшін дайындалады, спортпен, бокспен ММА-мен айналысады.
Альмира Оразбай, тілші:
- Қорғанудың бір түрі – әйел затының қол-аяғымен тойтарыс беруі. Яғни, ер адам тарапынан өзіңізге қауіпті сезсеңіз, алдымен қолыңызды, міне, былай жасап, оның тамағынан ұрасыз. Кейін тіземен ішкі жағын ұру қажет және құлақтарынан алақаныңызбен қатты соққы беру жеткілікті.
Иә, осындай 3 қарапайым әдіспен сәл де болса уақытты жеңуге болады. Мұнан соң оқиға орнынан алысырақ қашып кетуге мүмкіндік туады.
Жалпы полицияға тұрмыстық жанжалға қатысты күн сайын 300-ге жуық қоңырау түседі. Дегенмен зорлық көріп жатқан әйелдің барлығы дерлік тиісті органға қоңырау шалып, көмек сұрайды деп айту қиын. Психолог Орынгүл Нарманованың сөзінше, нәзік жандардың шыдамында шек жоқ.
Орынгүл Нарманова, психолог:
- Кейбір әйелдер бүйтіп айтады: «мен де шыдадым, сен де шыда. Бәріміз сондаймыз. Сен сияқты осындай жағдайға түстік». Екіншіден, былай айтады: «сен өзің кінәлісің, өзің сол жағдайға алып келдің. Неге ішіп алған күйеуіңе сөйлейсің?». Сонда әйел адам өзін кінәлі деп санайды. Туысқандарына айтпай, жасырып отырады.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
- «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген терең мағыналы сөз бар. Әрбір отбасы қоғамның бір бөлшегі, әрине, шағын мемлекет. Отбасындағы келеңсіздіктер, зорлық-зомбылық фактілері мемлекетіміздің алға дамуына кері әсерін тигізеді. Сондықтан мұндай заңсыз әрекеттермен тұтас қоғам болып бірелсіп күресу керек.
Бүгінде «Әйелдер құқығы мен балаларды қорғау туралы» жаңа заң жобасы әзірленді. Онда 90-нан астам түзету енгізілген. Ол тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жауапкершілікті күшейтуді көздейді. Алдағы уақытта құжат Мәжілістің қарауына жіберіледі. Келесі жылдың сәуір айында заң нақты қабылдануы мүмкін.
Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов.