Ақмола облысындағы су қоймалары мемлекет меншігіне қайтарылды

Ақмола облысында пайдаланылмаған 37 су қоймасы мемлекет меншігіне өтті.

Аталған қоймаларда табиғатты қорғау заңнамасы мүлдем сақталмаған. Яғни балық аулау ережелері бұзылып, қорықшылар да болмаған. Осылайша, арнайы жүргізілген тексеріс барысында бірқатар өрескел заңбұзушылықтар анықталды. Пайдаланылмаған су қоймаларының бәрі жекеменшік кәсіпорындарға тиесілі. Жағдайды реттеу үшін облыс әкімдігі мен балық инспекциясына прокурорлық қадағалау актілері жіберілді.

Меруерт Байболова, облыстық прокуратураның басқарма прокуроры:

- Сотқа дейінгі жұмыстар мен сот талқылауларының нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы 73 хабарлама мен ұсынымдар берілді. Бекітілген 397 су қоймасы мен кәсіпшілік учаскелерінің 37-сі мемлекетке қайтарылды. Яғни, әрбір 10 су қоймасы өз мақсатына сай пайдаланылмаған.   Қазіргі уақытта адал емес пайдаланушылармен балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарттарды бұзу туралы 2 талап сотта қаралуда.