Атырау облысында жаңа электр желілері тартылды
Батыс өңірдегі тұтынушыларды тұрақты қуат көзімен қамту мақсатында «KEGOC» компаниясы жалпы ұзындығы 780 шақырымға жуық 220 килоВольттық бес электр желісін жүргізді.
4 мыңнан астам электр бағаны орнатылып, «Уральская», «Правобережная», «Индер», «Құлсары», «Теңіз» қосалқы станциялары кеңейтілді. Сондай-ақ «Қарабатан» жаңа қосалқы станциясы пайдалануға берілді.
Өндірісті өңір үшін электр энергиясының маңызы зор. Бұған дейін болған бірнеше апаттық жағдай кәсіпорындардың жұмысына зиянын тигізген еді. Енді Батыстағы үш өңірдің игілігі үшін іске қосылған желі мұндай жағдайдың алдын алмақ. Ұзындығы 780 шақырымға жуықтайтын электр желісі Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстары үшін игі жоба.
Қайдар Жалғасбаев, энергетика саласының ардагері:
- Осыған дейін үлкен авариялар болды. Осыған дейін МАЯК-тан, Маңғыстау облысынан бері қарай көп кернеулер жетіспеді. Міне соның бәрін жауып, 2021 жылы басталған үлкен жоба, бүгін қосып жатырмыз. Алдағы уақытта үлкен жетістіктерге жетеміз. Үлкен екі облысты қамтиды.
Жобаны іске асыру нәтижесінде электр желісінің қуаты айтарлықтай өсті. «Батыс Қазақстан энергетикалық торабы – Атырау» учаскесінде 100 МВт-тан 200 МВт-қа дейін, ал «Атырау – Маңғыстау» учаскесінде 50 МВт-тан 200 МВт-қа дейін ұлғайды.
Бақытхан Жазықбаев, "KEGOC" АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
- Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау облыстарына екінші жүйеаралық электр желісін салып шықтық. Қосалқы 5 станция толығымен жұмысқа қосылды. Соның бәрі бүгінде Батыс жақта болып жатқан авариялық жұмыстардың бәрін толығымен жабады деп есептейміз.
Жаңадан іске қосылған «Қарабатан» қосалқы станциясы толықтай автоматтандырылған. Мамандар басқару орталығында отырып-ақ бәрін бақылай алады. Ал құрылысқа отандық өнім пайдаланылды.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов