Хостелдердің өрт қауіпсіздігін тексеру қажет
Елімізде жыл басынан бері хостелдер мен жатақханаларда 15 өрт оқиғасы тіркелді.
Құтқарушылар, жалынның көбі қауіпсіздіктің сақталмауынан шығатынын айтады. Ал Алматыдағы өрт шыққан хостел заңсыз жұмыс істеген болып шықты.
Елімізде қолжетімді баспанаға деген қажеттілік жыл санап артып барады. Нарықтағы сұранысты ұтымды пайдаланған кәсіп иелері жаппай жатақхана типті баспана сала бастады. Алайда ондағы қауіпсіздік ережелерін елемегендер көп. Салдарынан осындай үй-жайларда өрт шығу қауіпі жиілеген. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері 15 өрт тіркелген. Ал төтеншеліктер жақында ғана жатақханаларға жаппай тексеріс жүргізілгенін айтады. Рейд барысында көптеген заң бұзушылық анықталды. Атап айтқанда жатахқана иелері адамдарды көптеп орналастыру үшін үй-жайларды қайта салу кезінде, ұзарт-қыштар мен жылытқыштарды қолдан жасап, ақауы бар электр құрылғылары мен сымдарын пайдаланып келген. Осылайша 750-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Алайда қайғылы оқиға болған Алматыдағы хостел тексерілмеген. Себебі нысан тіпті есепте болмаған. Яғни заңды түрде тіркелмеген.
Нұрлан Атығаев, Алматы қаласы бойынша ТЖД департаментінің бастығы:
- Бұдан бұрын біз "ЖАТАҚХАНА" акциясын өткізгенбіз. Алдын ала барлық жатақханаларда профилактикалық жұмыстар жүргіздік. Ал мына хостел рейд барысында жұмысын бастамаған болатын. Бұл жатақхананың жұмыс істей бастағанына 1 жарым айдан енді асыпты.
Хостел қонақтары негізінен студент жастар мен жалдамалы жұмысшылар болып шықты. Айына 25 мың теңге төлеп тұрғанымен қауіпсіздік ережелерінің қаншалықты сақталғанын ескермеген. Өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Ал заңгерлер болса, бизнесті жүргізіп отырған кәсіпкерлер жауапкершілікті сезіну қажеттігін айтып отыр. Бүгінгі жағдайда арнайы сараптама жүргізіліп, хостель иесіне бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Бекнұр Жалғасов, заңгер:
- Таразы басында адам өмірі тұрғандықтан тексеру жұмыстарын жүргізу абзал. Себебі бүгін Алматыда болса ертең басқа жерде болуы мүмкін ғой. Сондықтан төтенше жағдай қызметтері тексеру жүргізу керек мораторийға қарамай жедел жүргузуі қажет. Заң тұрғысынан алатын болсақ, 292-бабы бар өрт қауіпсіздік талаптарын бұзу деген. Мұнда сараптама жүргізіледі. Жауапкершіліктің жоғары түрі болса сараптама тағайындалып, бас бостандығынан айыру мәселесі қарастырылады.
Депутат Мақсат Толықбай елдегі барлық хостелді жедел түрде тексеру керектігін айтты. Өйткені рұқсатсыз ашып алып, бей-берекет жалға беріп жатқандар көбейіп кеткен.
Мақсат Толықбай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Қазір жертөледен екінің-бірі хостел ашып алған. Дүкен ашу үшінде оған рұқсат керек. Өрт қауіпсіздігі, Санитарлық нормалар бар. Бұл рұқсатсыз ашылған деп отыр. Біздің оның ішінде шетел азаматтары бар деп жатыр. Арнайы комиссия құрылды. Қалай болса солай жазылған бізде хостелдер өте көп.
Алматы қаласындағы оқыс оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды. Хостелдегі өрттің шығу себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. Жалпы хостелді жертөледе салуға заң бойынша тыйым салдынған. Заңгерлер бұл жерде заң талаптары өрескел бұзылғанын айтып отыр.
Айнұр Қуатқызы