Түркістан облысы қыстан қиналмай шығуы үшін миллион тонна көмір қажет

Түркістан облысына қыстан қысылмай шығу үшін 1 миллион тонна көмір қажет.

Шаруалар мен тұрғындар алдағы жылыту маусымына дайын ба? Отын-суын қамдап алды ма? Қатты отынның бағасы қанша?

Жандос Жұмабек, тілші:

- Биылғы күзге өкпе жоқ. Ауа райы тұрғындарға барынша қарасып тұр. Бірақ күн үнемі осылай жылы болып тұрады деп алданып қалуға да болмайды. Табиғат кез келген уақытта кезде тосын мінез танытуы мүмкін. Сондықтан тұрғындарға арқаны кеңге салмай, тезірек қамтанып, отын-суын түсіріп алғаны абзал. Ендеше тұрғындардың қысқа дайындығы қалай өздерінен сұрап көрейік. 

САУАЛНАМА

-Көмір алдыңыз ба?

– Көмір қаптап, 1500 теңгеден алдым.

–Тонналап емес пе?

–Тонналап алуға жағдайым болмаған соң қаптап алдым.

- 27 мыңнан алдым.

– Қанша тонна алдыңыз?

- 2,5 тонна.

- Қазіргі уақытта менің көмір алуға ақшам жоқ. Сіңілімнің үйінде тұрып жатырмын. Мүмкіндік болса, көмір алғанда барамын.

- Көмір жағып отырсыздар ма? –газ жағып отырмыз.

- Жылда қымбаттайды ғой көмір. Биыл алған жоқпыз, бірақ ауымыз керек. Былтырғы қалған көмірді жағып жатырмыз. 

Қазір облысқа қажетті 1 млн тонна көмірдің 51 пайызы жеткізілген. Жеке тұрғындарға керегі 468 мың тонна. Халық оның 335 мың тоннасын сатып алған. Жауаптылар қалған жұрт жерге қар түспей тұрып, көмір түсіріп алғаны жөн,- дейді. Себебі күн суытқан сайын баға да құбылуы ықтимал. Қазір өңірдегі 18 темір жол тұйығында көмірдің тоннасы 18 -24,5 мың теңге аралығында. 

Марат Тұрсынбайұлы, Энергетика және ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы:

- 18400 теңге ол жақын жерде орналасуы мүмкін. Ал темір жол тұйығы алыста орналасса, ол енді жол шығынына сәйкес, қымбаттау болады. Өзгеріс бар. Өйткені КТЖ тарифінің қымбаттауына байланысты көмірдің де тасымалы қымбаттады. 2-3 пайызға қымбаттады. 

Қатты отынның құны алып-сатарларға да байланысты. Мысалы облыс орталығында 1 тонна көмірді 18 мың теңгеге алуға болса, жол жиегінде тұрған мына жүк көліктері тоннасын 22 мың теңгеден сатып жатыр. 

- 21 мың деп жатыр, сырттан естіп жатырмын. Нақтысын білмеймін.

–Былтырлары қанша болатын еді?

– Былтырлары 16-17 мың болатын.

Тонналап сатып алуға шамасы жетпегендер қатты отынды қаппен алуда. Базардағы баға 1200-1500 теңге аралығында. Ал тоғыз жолдың торабындағы арыстықтар көмірді арнайы үш нүктеден сатып алады. Бұл - ең ірісі. Мұнда 7 мың тонна көмір қоры бар. Кәсіпкерлердің айтуынша жыл соңына дейін тағы Шұбаркөлден 80 вагон көмір жеткізіледі. 

Бақтияр Хайтматов, кәсіпкер:

- Біздің көмірдің тоннасын 18300 теңгеден сатып жатырмыз. Себебі Орталық қазақстаннан тоннасын 7-10 мың теңгеден сатып алғанымызбен жол шығынымен осындай болып отыр. Одан төмен түсіре алмаймыз. 

18 мыңнан көмір жоқ емес, бар. Бірақ сапасы нашар. Сондықтан тұрғындар қымбат болса да, сапалысын алғысы келеді. Тіпті қалтасы көтермей жатса, аз-аздан алуға әрекет жасайды. Арыстық Тамара Жандарбекова биыл көмірдің тоннасын 22 мың теңгеден алған. 

Тамара Жандарбекова, Арыс қаласының тұрғыны:

- Негізі көмірді қатты қымбаттатып жібердіңдер. Сәл түсірсеңдер болады ғой. Бізге енді мейлі ғой. Азғантай семиямыз өзі. Қиналып отырған адамдар көп қой. Бала-шағасы қиналып, көмір тапса, ағаш таппай, оны тапса, көмір таппайды. 

Облыстағы 1600 гектардан астам жылыжайдың 634 гектары көмірмен жылиды. Оған 275 мың тонна көмір қажет. Қазір оның 95 мың тоннасы жеткізілген. Жаңа жылдан бастап, жылыжайға кететін жылыту шығындарының 20%-ы субсидияланады. 

Сейітжан Азбергенов, ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:

- Бүгінгі таңға 8 өтінім түсті. Оның ішінде Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш аудандарынан. 2024 жылдан бастап әр айға 12500 тоннадан бөлек-бөлек қойылған. Сонымен қамтамасыз етілетін болады.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Қазір өңірдегі темір жол тұйықтарында 44 мың тонна көмір қоры бар. Ол былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сондықтан жауаптылар биыл облыс тұрғындары көмірден тапшылық көрмейді, - деп отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш