Қазақстан мен Қырғызстан жасыл энергетикада тәжірибе алмасады
Жаңғыртылатын энергетика саласында еліміздің жетістіктері баршылық.
Оған қырғызстандықтар да қызығып отыр. Жақында бір топ азамат осы қуат көздерін өндіру нысандарына барып, тәжірибе жинақтамақ.
Тәжірибе алмасу бағдарламасын Алматы энергетика университеті мен Қырғызстандағы Исхак Раззаков атындағы мемлекеттік техникалық университеті жасап шыққан. Ол 5 күнге созылады. Осы уақыт ішінде бағдарламаға қатысушылар жасыл технология, баламалы энергия бойынша дәрістер тыңдап, тәжірибе жинақтайды.
Алтынай Абдыкеримова, Қырғызстан "Энергетикасындағы әйелдер қауымдастығының" президенті:
- Қазақстанда жаңғыртылатын қуат көздерін пайдалану жақсы дамыған. Қазірдің өзінде осындай көп станция жұмыс істейді. Ал Қырғызстанда мұндай жобалар енді-енді қолға алынып жатыр. Бағдарлама арқылы қазақстандық әріптестерімізден мол тәжірибе жинақтайтынымызға сенімдімін.
Жобаға қатысу үшін 10 адам іріктеліп алынған. Олардың арасында жоғарғы курс студенттері бар. Мақсат - болашақ мамандарды жасыл энергетикадағы озық технологиялармен таныстыру.
Бекжан Торобеков, И. Раззаков атындағы Қырғызстан мемлекеттік техникалық университетінің проректоры:
- Қазақстанда жасыл энергетиканы өндіруге қатысты бағдарламалармен бірге қажетті инфрақұрылымдар да бар. Мұндай техникалық әлеует жобаларды бізге қарағанда жылдам жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
YOUTUBE.COM/WOMEN IN ENERGY
Жоба аясында бағдарламаға қатысушыларды жел электр станцияларына апарып, баламалы қуат көздерін өндіру жұмыстарымен таныстыру қарастырылған.
Бакыт Чермашев