Аймақта дәрігерлерге сұраныс көп
Маңғыстау облысының емдеу мекемелерінде 206 жұмыс орны бос тұр.
Оның 60-қа жуығы Ақтауда. Ал ауылдық елді мекендерде хирург, анестезиолог-реанимотолог, акушер-гинеколог, онколог және эндокринолог-дәрігерлерге сұраныс көп. Мәселені шешу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр?
Талғат Аманжоловтың медицина саласында жүргеніне бесінші жыл. Қарағанды өңірінің тумасы биыл Ақтауға шақырту алған. Облыстық онкодиспансерде реанимация бөлімшесін басқарады. Өзі секілді жас мамандардың баспанамен қамтылғанын айтады. Жалға алынған пәтер ақысын қызмет орны төлейді. Алатын айлығы да жоғары.
Талғат Аманжолов, облыстық онкологиялық диспансердің бөлім бастығы:
- Қуанамын, бүкіл жағдай жасалған. Аппаратура, жалпы біздің емхананың мүмкіндігі заманауи ауруханалардан жақсы деп айтуға болады. Өйткені, бәрі жаңадан алынған. Жалпы дәрігерлер елге танылуы үшін ақшаға емес, адал еңбекпен жұмыс істеуі керек. Халықтың ризалығы үшін.
Озық үлгідегі онкологиялық диспансер былтыр ашылды. Жергілікті жерден бөлек өзге өңірлерден науқастар келіп қаралады. Қазір мұнда елуден аса дәрігер жұмыс істейді. Былтыр оқу бітірген бес маман ұжымға қабылданып, тағы бірнеше дәрігерге резидентураға жолдама берілген. Олардың оқу ақысы диспансер есебінен.
Нұрлан Жариев, облыстық онкологиялық диспансердің директоры:
- Онның үстіндегі маманды біз 2022 жылдан бері дайындап, бүгінгі таңда олар бізге жұмысқа шығып отыр. Әрине олар барлық әлеуметтік көмек, жалға алынған пәтермен қамтамасыз етіліп отыр. Және де 11 баланы оқытып жатырмыз. Бәрі де жергілікті кадрлар.
Маңғыстауда ауылдық елдімекендерде 77 бос орын бар. Аймақта дәрігер тапшылығын жою мақсатында биыл өңір басшысы 200-дей грант бөлді. Соның 68-і бакалавр. Бұдан басқа, сала министрлігі тарапынан 79 грант қарастырылды. Қазір облыста 93 медицина қызметкерінің жұмысқа кіру құжаты рәсімделіп жатыр.
Бибізада Дүйсенбаева, облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Жақсы маманды дайындау үшін, мысалы медицина қызметкерін 10-12 жылдай уақыт керек. Негізгі алты жыл оқитын өзінің уақыты бар. Сосын 3 жыл резидентурада оқытады. Ол дәрігерлерге жүктемені азайту мақсатында біз орта буындағы медицина қызметкерлерінің де біліктілігін арттыруымыз керек. Мәселен, акушер-мейірбикелердің. Сол кезде тепе-теңдік баланс пайда болса, жаңағыдай тапшылықты жолға қоямыз деген ойдамын.
Былтырдан бері дәрігерлер үшін Ақтау, Жаңаөзен қаласы мен Мұнайлы ауданында жеті пәтер сатып алынған. Тағы бір айтарлығы, ауылда жұмыс жасағысы келетін ақ халатты маманға 1,5 млн теңге бір реттік көмек беріледі. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен 70 млн теңге бөлінді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев