Атырау-Астрахань жолының құрылысы келер жылы аяқталады

Атырау-Астрахань жолының құрылысы келер жылдың соңында толықтай аяқталады.

Қазір 252 шақырымы көлік қозғалысы үшін пайдалануға берілген. Ал келер жылдың соңында жолдың беткі қабатын төсеп, айналасын абаттандырғаннан кейін толығымен ашылады.

277 шақырымды құрайтын Атырау-Астрахань тас жолының қазір қалған 25 шақырымы салынып жатыр. Жыл соңына дейін құрылысы аяқталады. Жол салу жұмыстары жоспарға сай жүріп жатыр. Бірақ құрылыс материалдарын жеткізу қиындық тудырып отыр екен. Теміржол арқылы тасымалдау үшін вагон жетіспейді, дейді жауаптылар.

Мұрат Мықтыбаев, "Qazavtojol" ҰК" АҚ филиалы директорының орынбасары:

- Бүкіл үстінгі қабат асфальтін салуға, абаттандыру жұмыстарын, көгалдандыру бар, малдан қоршауы бар, көпірлеріміздің жұмыстарын 2024 жылға жоспарлап отырмыз. Материалдар қазіргі таңда тапшылық жоқ. Тапшылық аса көріп отырған жоқпыз. Тек вагондар уақытылы келіп отырса, сол тек вагонның тапшылығы болып отыр. Бірде болады, бірде болмай қалады.

Жол құрылысы аяқталса, шет елдермен сауда-саттық байланысы да арта түседі. Ал оны қалыпты ұстау үшін сапаға мән беру керек, дейді Мәжіліс депутаты Руслан Берденов. Жол сапасының жақсаруы үшін кепілдік мерзімін ұзарту мәселесі қазір Парламент қабырғасында қаралып жатыр. Халық қалаулысы саладағы бірнеше кемшілікті жою үшін Заң жобасы әзірленіп жатқанын да айтты.

Руслан Берденов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Біздің  өзекті проблема, жалпы тек бұл жолға байланысты емес. Қазақстандағы өзекті проблема – тендерді алған мекеме әрі қарай субподрядқа береді. Бұл жолдың да өзекті мәселесі – шетелдік компаниялар ұтып алады да, жергілікті компанияларға субподрядқа бергені. Қазіргі таңда «Мемлекеттік сатып алу» заң жобасы жұмыс жасап жатыр. Біз осы мәселені көтеріп жатрмыз. Осы субподряд болуы керек пе? Болуы керек болса да қанша пайыз? Қазір көзбен қарағанда бәрі стандарт бойынша соғылып жатыр. Оны уақыт көрсетеді.

Тас жолдың жобалық-сметалық құжаттамасы мемлекеттік сараптамадан 2016 жылы өткен. Ал жол салу жұмыстары 2020 жылы басталған еді. Содан бері құрылыс материалдары да қымбаттады. Бағаның өсуі жол құрылысына да кесірін тигізген болатын. Енді жобаға қаржыға қатысты өзгертулер енгізіліп жатыр, дейді жауаптылар. 

Асланбек Шығыр, тілші:

- Атырау-Астрахань тас жолының 252 шақырымы қазір көліктердің қозғалысы үшін толықтай ашылған. Қалған 25 шақырымы жыл соңына дейін бітеді, дейді жауаптылар. Ал 2024 жылдың соңына дейін жол құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға беріледі, деп жоспарланып отыр.

 Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин