Өскеменде отбасылық жанжалдың алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр
Өскеменде отбасылық-тұрмыстық заң бұзушылықтардың алдын алуға бағыттылаған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары жанжал шығаруға бейім азаматтарды анықтап, әр оқиға бойынша тиісті шараларды қолға алды. Ал заңға қайшы әрекеттерге жиі баратын тұрғындармен психологтар кездеседі. Ел шығысында жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша мыңдаған дерек тіркеледі.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының басым бөлігі әйелдер. Олар соққыға жығылса да полицияға хабарласпайды. Отбасылық жанжалдардың нақты себебін анықтау үшін полицейлерге психологтар көмекке келді.
Гүлнұр Түсіпова, қалалық "Ертіс" полиция бөлімінің аға инспекторы:
– Полиция қызметкерлері кәмелеттік жасқа толмағандарға, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу барысында кең ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлерінің есебінде тұратын барлық тұлғаларды мекенжайлары тексеріп, психологиялық, сонымен қатар құқықтық көмек көрсетілуде.
Қорлан Туғамбаева, "Жастар рухы" жастар қанатының төрағасы:
– Жаңа ғана үш отбасыға бардық. Бірінші отбасында, өкінішке қарай, ұлы ішімдікке салынып, өзінің туған шешесін сабағаны үшін 140 күнге қамалды. Екінші отбасыға барған кезде ерлі-зайыптылардың арасында осы алкогольдің ішімдіктің нәтижесінде бір-біріне қоқан-лоқы көрсетіп, әйелін ұрып, ол кісі де 30 күнге түрмеге жабылды.
Зорлық-зомбылық құрбандары әлеуметтік-психологиялық бейімдеу орталығына орналастырылады. Бүгінде қалалық мекемеге 60 әйел қабылданған. Солардың қатарында Анна есімді азаматша бар. 11 жыл бойы жолдасының соққысына жығылып келген ол мамандардың көмегіне зәру.
Анна, қала тұрғыны:
- Мұндағы мамандардың көмегіне жүгінгім. Құқықтық, психологиялық қолдау бар. Осында келгелі көп нәрсені түсінгендей болдым.
Аннаның ендігі мақсаты – жолдасымен бетпе-бет кездесіп, отбасылық мәселелерді шешу.
Александра Романовская, психолог:
- Біз отбасыны сақтап қалуға тырысамыз. Психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетеміз. Мәселені екіжақты шешеміз. Яғни, ерлі-зайыптылардың әрқайсымен сөйлесеміз. Әрине бұл бір күннің ісі емес. Кешенді жұмыс атқарылады.
Отбасында жанжал шығаруға бейім азаматтар саны да азаймай тұр. Жаңа заңнама бойынша олар 15 тәулікке тергеу изоляторына қамалады. Сондай азаматтардың қатарында Александр бар.
Александр, қала тұрғыны:
- Кінәмды мойындаймын. Заңға қайшы әрекет еткенімді енді түсіндім. Босаған соң отбасыма оралғым келеді. бар байлығым жанұям емес пе.
Елімізде отбасында ұрыс шығарып, туыстарына қоқан-лоқы көрсеткен агрессорларды жауапқа тарту тәртібі өзгерді. Бұдан былай зардап шеккен тұрғынның полицияға өтініші қажет емес. Әкімшілік құқықбұзушылықтардың күрт өсуі сондықтан. Биыл Шығыс Қазақстан облысының өзінде үш мыңнан астам дерек тіркелген.
Ақмарал Есімханова, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин