Бүлдіршіндер арасында смартфонға деген тәуелділік көбейді

Салдарынан баланың дамуы кешеуілдеп, тілі шықпай, ойлау қабілеті қатарластарынан қалып қойып жатады.

Неврологтар: «бұл үрдіс үлкен қауіпке әкеледі» деп дабыл қағады. «Себебі есірткі ересектерге қалай кері әсер етсе, ұялы телефон балаға салыстырмалы тұрғыда дәл солай зиянын тигізеді», - дейді психологтар.

Ираида Габилова – білікті невролог. Ол тәулігіне 20 жуық бала қарайды. «Соңғы уақытта пациенттерінің гаджеттерге деген тәуелділігі үрей тудырады. Оған ата-ана кінәлі», - дейді.

Ираида Бабаева, балалар неврологы:

- Қазірдің өзінде маған ұялы телефонға тәуелді балаларын алып келетін ата-аналар бар. Баласы сау болғанымен, ақыл-есі жетіспейтін сияқты боп көрінеді. Тіпті 3-4 жаста атын атап шақырсаң, қарамайды. Бұл бірінші кезекте алаңдайтын жәйт. Негізі 3 жасқа дейін бала 1 минут та телефон қарамауы керек. Ал бізде 3 айынан бастап беріп қояды. Кейін күні бойы қолынан гаджет түспейді. Мектеп оқушыларының өзі тәулігіне 1,5 сағаттан артық қарамауы керек.

Ұялы телефоннан мейлінше бас тартуды ұстаздар да қолдайды. Себебі өскелең ұрпақтың есте сақтау қабілеті нашар. Бүгін жаттағанды ертең ұмытып қалады. Оның үстіне білім қуғандар ұялы телефонға сеніп, командада жұмыс істеу, ұйымдастыру қабілетінен айырылып жатыр.

Назым Мейірбек, мұғалім: 

- Сабақ үстінде балалар телефонға алаңдап, мұғалім айтып жатқан материал мен өтіп жатқан тақырыптарды жіберіп алады. Сол себепті біз мұғалімдер мектепте гаджеттер мен ұялы телефондарды пайдаланбағанын қадағалаймыз.

«Смартфондардан толық бас тартуға да болмайды», - дейді психологтар. Оның пайдалы тұстары да жеткілікті. Сол себепті оны ата-аналар қадағалап, пайдалы бағытқа жұмсауы керек. Ал басқа уақытта балаға көптеп көңіл бөлген жөн.

Айнұр Шаймұрат, қала тұрғыны: 

- Мысалы, менің балам 8-сыныпта оқиды. Ең бірінші сөйлесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіземін. Одан кейін келісу керек баламен. Белгілі бір уақытқа ғана. Ең бірінші үй тапсырмасы, содан кейін қосымша уақыты бар. Содан кейін белгілі бір уақыт беріледі, содан кейін кешкі 21:00 кейін телефонды қоямыз.

Негізінде бала үлкендерден көргенін қайталайды. Тек баланың емес, ересектердің де қолынан гаджет түспейтіні жасырын емес. Ал әлеуметтік сауалнама әр бесінші ата-ана баласына бастауыш сыныпта-ақ телефон алып беретінін көрсеткен.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар