Оралда ерекше балаларға арналған орталық ашылды

Оралда мүмкіндігі ерекше балаларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін жартылай стационар үлгісіндегі «Ақ ниет» үйі ашылды.

Бұл пилоттық жоба. Енді ата-аналар баланы емдеу үшін әр жерге бармай-ақ барлық қызметті бір орталықтан ала алады.

Жаңа орталықта тірек-қимыл аппараты бұзылған және психоневрологиялық ауруы бар балалар емделеді. Жолдаманы қалалық әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері береді. Қазірдің өзінде мұнда 5 бала қабылданды.  Оларға психолог, логопед, дефектолог, жаттығу терапиясы мен массаж мамандары қызмет көрсетіп жатыр.

Найля Терницкая, қала тұрғыны: 

- Осыған дейін баламды күні бойы қаланың әр жеріндегі мамандарға апарып жүретін едім. Сондықтан жұмысқа орналасуға да мүмкіндігім болмады. Ал қазір осы орталықта барлық қызмет түрі көрсетіліп жатыр. Балам таңнан кешке дейін осында болады. Оның үстіне автобуспен тасымалдау қызметі тағы бар. Бұл бізге өте қолайлы. 

Мұндай пилоттық жоба еліміздің 7 өңірінде жүзеге асуда. Әр орталықта 100-ден астам балаға қызмет көрсетуге болады, дейді мамандар. 

Миргүл Құрманбаева жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы: 

- Каждый орталық субсидияланады «Балапан» бағдарламасы сияқты. Жеке садиктер болып ашылды ғой, сол сияқты бізде шағын орталықтар ашылады. Мысалы, қалада, ауылда, ауылдық окгуртерде сондай ашылып, соған бюджеттен қаражат бөлінеді.

Облыста ерекше күтімді қажет ететін 25 мыңға жуық адам болса, соның 3 мыңы бала. Биыл шілде айында күшіне енген заңнамаға сәйкес, оларды қолдау шаралары жетілдірілді. 

Миргүл Құрманбаева, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы:

- Мысалы, жөргектер саны 730 данадан, 1460 данаға ұлғайтылды. Менталдық бұзушылықтары бар балаларға санаторий-курорттық емделу қарастырылып отыр. Сонымен қатар мүгедектігі бар барлық балаларға жеке оңалту бағдарламасына сәйкес кепілдік берілген сумманың 70 пайызы бюджеттен төленіп, ата-аналары немесе заңды өкілдері бара алады. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде биыл ипотерапия деген қызмет көрсетілуде. Сол ипотерапия қызметін 97 бала алып отыр. 

Ал келер жылы қалада 150 орындық заманауи оңалту орталығы қолданысқа беріледі. Бірқатар диагноз түрі бойынша көрші өңірлерден ем-дом алып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар енді алысқа бармай-ақ, осы облыс орталығында емделе алады. 

Еркебұлан Смадияров, Қанат Махмұтов, Елдар Аюпов