Жамбыл облысында 3 су қоймасының құрылысы басталды
Бұдан бөлек облыстық бюджет есебінен 8 бөгет салынбақ.
Ал келер жылы республикалық қазынадан қаржы қаралса, ауқымды 3 су жинақтау қоймасы тұрғызылады.
Мерей Бает, тілші:
- Біз қазір құрылысы жүріп жатқан Андас 1 су қоймасының аумағындамыз. «6 гектарға жайғасқан бөгетке 200 мың шаршы мертден аса тіршілік нәрі сияды», - дейді мамандар. Ал бұл көлем жағалай жатқан ауылдарды тіршілік нәрімен қамтамасыз етуге толықтай жеткілікті.
Андас-1 мен қоса Меркі ауданында екі қойма салынып жатыр. Олардың жалпы көлемі 1,5 миллион текше метрге жуық. Құрылысшылар биыл екеуін аяқтап тапсырмақ. Ал ауқымдысының құрылысы келер жылы жалғасады.
Алексей Шпиц, құрылыс алаңының басшысы:
- Құрылыс алаңындағы жұмыс қызу. Күн салқындамай бетонды құйып алуымыз керек. Жалпы бөгеттің ұзындығы 297 метр. Ал қойманың табаны 58 мың шаршы метр аумақты алып жатыр.
Су жинақтау орындары қолданысқа берілсе, аудандағы 600 гектар алқап суарылады. Сонымен қатар жергілікті билік тіршілік нәрін егістік басына дейін құбырмен жеткізуді жоспарлап отыр.
Қайрат Арғымбаев, Меркі ауданы әкімінің орынбасары:
- Судың жаңағы жоғалу пайызын төмендету мақсатында біз тағы да жоба жасап жатырмыз. Сол Аспара өзенінен суды арық емес құбырмен алып келіміз де, мына біздің ауданның төменгі жағында орналасқан Үлкен Шу каналы дейді, сол Шу каналына жеткіземіз сол суды. Құбырымыздың ұзындығы бүгінге 76 шақырымды құрайды.
Былтырғы қуаңшылық су мамандарының жұмысын жеделдеткендей. Аймақта 8 кіші су қоймасы жергілікті бюджеттен, тағы 3 ірі нысан республика қазынасы арқылы салынады. Талас өзенінде Ақмола, Шу арнасы бойынан Қалғұты мен Ырғайты су қоймалары салынады. Олардың жалпы сыйымдылығы 52 миллион текше мерт.
Ғалия Зарубаева, «Қазсушар» ОФ директорының орынбасары:
- Ақмола су қоймасы Талас ауданы бойынша 6 мың гектарға су қамтамасыз етеді. Ырғайты мен Қалғұты Қордайдағы подпитька Георгорвский магистральный канал бар. Оң жағалауы, сол жағалауы, тармақтары бар. Соларға 28 мың гектарға подпитька береді.
«2018 жылы Еуропалық қайта құру және даму банкінен 25 миллиард теңге бөлініп, облыста 256 су арнасын жөндеу басталған. Жоспар бойынша олардың құрылысы суару маусымына дейін бітеді», - дейді Қазсушар мамандары.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев