Ұлытау облысында оңалту орталығы ашылады
Ұлытау облысында ерекше күтімді қажет ететін балаларға арналған алғашқы оңалту орталығы ашылады.
Жылына 600 баланы қамтитын мекеме соматикалық шипажай жанынан құрылады. Ол үшін ескі ғимарат толық қайта жаңғыртылады. Қазір оның жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Орталық келер жылдың басында пайдалануға беріледі.
Кристина Малышеваның баласы өздігінен жүре алмайды. Бірнеше жыл бұрын пертес ауруына шалдыққан. Яғни, қан айналымы бұзылуынан ортан жіліктің басы зақымданған. Жылына кем дегенде екі рет оңалту орталығына барып ем қабылдауы керек. Қазір Кристина бұл қызметті ақылы түрде алады.
Кристина Малышева, Жезқазған қаласының тұрғыны:
- Оңалту емін алу үшін жыл сайын басқа облыстарға, шетелге шығуға мәжбүрміз. Балам таяқпен жүретіндіктен ол жаққа бару оңай емес. Өзімізде сондай орталық ашылатынын естіп қуанып жатырмыз. Алысқа әуре болмай, өзімізде қабылдаған емнің нәтижесі жақсы боларына күмән жоқ.
Тірек-қимыл аппараты мен жүйке жүйесі бұзылған балалар жаңа жылдан бастап басқа өңірлерге сабылмайтын болды. Болашақ орталық орналасатын ғимараттағы жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Оған облыс қазынасынан 38 млн теңге бөлінді. Мұнда айына шамамен 50 бала тегін ем қабылдайды.
Сабина Ниязова, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:
- Облысқа мемлекеттік оңалту орталығы қажеттігі көптен айтылып жүрген еді. Сондықтан биыл денсаулық сақтау министрлігінің жол картасына енгізілді. Бұл жерде 1 жастан 14 жасқа дейінгі балалар тегін ем қабылдайтын болады. ол үшін ата-аналар тіркеу бойынша денсаулық орталықтарына өтініш жасау жеткілікті.
Бимұрат Жұмашұлы, соматикалық шипажай директоры:
- Мұнда логопед, психолог, дефектолог, невропатолог, реабелитолог сияқты мамандар жұмыс істейді. Сол мамандарға арналған жаңағы бөлмелер бар. Екі ванна бар. Ваннада гидромассаж жасалады балаларға. Су астының массажы жасалады. Сондай-сондай құрал жабдықтар әкелінеді.
Оңалту орталығын жабдықтау және заманауи медициналық құралдармен қамту «Қазақстан халқына» қоры есебінен жүзеге асады. Бұл мақсатқа 241 млн теңге қарастырылған. Қазір орталыққа мамандар тарту жұмыстары жүріп жатыр. Оларды оқытып, біліктілігін арттыру міндеті де аталған қордың жауапкершілігінде.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серекбаева