Транзиттік әлеуетті арттыру

Қазақстан ауамағымен өтетін транзит көлемі 30 млн тоннадан асуы тиіс.

Бұл міндет елде 2030 жылға дейін жүзеге асырылмақ. Мұндай көрсеткіштер еліміздің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасында қарастырылған. Бұл ретте Транскаспий халықаралық маршрутының да ықпалы зор. Ол үшін теңіз жағасындағы порттардың инфрақұрылымын жақсартып, жаңа кемелер салу керек. Үкімет алдына бұндай міндетті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойып отыр.

Қытай мен Еуропалық Одақ елдерін байланыстыратын Транскаспий халықаралық маршрутының әлеуеті зор. 2030 жылға қарай Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін транзит көлемін 30 млн тоннадан асырмақ ниетте. Жоспар ауқымды. Алдағы 7 жылда Транскаспий халықаралық маршруты арқылы жүк тасымалын 5 есе арттыру үшін теңіз жағасындағы порттардың инфрақұрылымын жақсарту көзделген.

Жасұлан Керімбаев, ҚР Көлік министрлігінің басқарма басшысы:

- Контейнерлік хаб салынады, 2025 жылы аяқталуы күтілуде. Сонымен қоса Ақтау портында сауда логистикалық орталықтар салынады, складтар салу көзделуде. Бүгінгі күні 10 қосымша кеме салу жоспарлануда. Осы барлық шаралар 2030 жылы порттардың өткізу қабілеттілігін 30 млн тоннағана дейін арттырады деп күтіледі.

Министрліктің мәліметінше, аталған жобалардың жалпы құны 300 млрд теңгеге жетеді. Жоспарланған жұмыстарды жасау үшін инвесторларды тарту көзделген. Мәселен, жуырда арабтартың қатысуымен 2 жаңа танкер алынды.

Маңғыстау облысы

Мұхаммед Жуму Әл-Шамиси, AD PORTS GROUP компаниясының басқарушы директоры:

- Бұл танкерлер барлық техникалық керек-жарақтармен қамтылған. Заманауи басқару жүйесі де бар. Жалпы біз екі жақты әріптестікке дән ризамыз. Жұмысымыз табысты болсын.

Қазақстан өз тауарларын экспорттау үшін балама бағыттарды арттырып жатыр. Мәселен, биыл наурыз айынан бастап Ақтау-Баку-Тбилиси-Джейхан маршруты бойынша жылына 1,5 млн тонна отандық мұнай тасымалдана бастады.

Баку, Әзербайжан

Ильхам Шабан, Әзербайжан мұнай зерттеу орталығының жетекшісі:

- Баку-Тбилиси-Джейхан бағыты арқылы тәулігіне 2 млн баррель мұнай жөнелтуге болады. Қазір Қазақстан 90 млн тонна қара алтын өндіреді. Келешекте бұл көрсеткіш 120 млн тоннаға дейін өседі. Егер тиісті инфрақұрылымды дамытса, мұнайды кез келген көлемде экспорттауға болады деп есептеймін.

Бұл ретте Қазақстан Президенті Бакуде өткен Орталық Азия елдерінің экономикасына арналған арнайы бағдарламасының саммитінде өзге мемлекеттерді Каспий теңізіндегі порттарды дамытуға шақырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Барлық серіктесті Каспий теңізіндегі порттардың қуатын арттыру, сондай-ақ жүк кемелерін бірлесе өндіру үшін ынтымақтаса жұмыс істеуге шақырамын. БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясы мен ЭСКАТО тарапынан техникалық және сараптамалық тұрғыдан белсенді қолдау күтеміз.

Экономиканы декарбонизациялау бағыты

Қазақстан 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізуі тиіс. Осы ретте Президент СПЕКА мемлекеттерінің бірлесе жұмыс істеу қажеттігін атады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- СПЕКА мемлекеттерінің басшыларын баламалы энергия көздеріне көшу мәселесінде бірлескен іс-әрекетті жандандыруға және Алматыда Орталық Азия елдерінің климат мәселелері жөніндегі жобалық кеңсесін құру бастамасын қолдауға шақырамын.

Сарапшылардың сөзінше, Қазақстанда көмірдің 300 жылдық қоры бар. Яғни, бұл пайдалы қазбадан біз толыққанды бас тарта алмаймыз. Оның үстіне көмір өндіру ісінде мыңдаған азамат еңбек етеді. Сондықтан жаңа технологияларды енгізу аса маңызды болып отыр.  

БАӘ

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

- Қазір әлемде көміртегін ұстайтын, яғни зиянды қалдықтың атмосфераға таралуын алдын алатын технологиялар бар. Міне, осы нәрселерді біз белсенді түрде пайдаланатын боламыз. Сондықтан 2060 жылға дейін қойып отырған міндет орындалады. Яғни, Қазақстан көміртегі бейтараптығына қол жеткізе алады.

Негізі осы экономиканы декорбанизациялау бағытында Париж келісімін ратификациялаған аймақтағы бірінші ел Қазақстан екенін де айта кету керек. Ал жаңа Экология кодексі ұлттық экономикамыздың әрбір секторында «жасыл» технологияларды кеңінен қолдануға ықпал етеді. Бүгінде елімізде жел мен күн энергиясын пайдалану, сондай-ақ «жасыл» сутегін өндіру үшін зор әлеует бар. Мәселен, 2035 жылға қарай 11 гигаватт таза энергия көздерін енгізу және энергетика секторын толығымен жаңғырту жоспарланып отыр. Ол үшін Жамбыл, Жетісу, Ақмола облыстарында жел электр станциялары бой көтереді. Бұл жұмыстарды атқаруға Біріккен Араб Әмірліктерінің, Сауд Арабиясының және Францияның алпауыт компаниялары көмектесетін болады.

Нұрлан Жақыпов, "Самұрық-Қазына" АҚ басқарма төрағасы:

- Келісімге сәйкес 3 Гигават жел электр станциясын Қазақстанда салатын боламыз. Толық инвестиция көлемі 4,5 млрд доллардан астам болады. Одан басқа біз G42 еншілес компаниясымен Присайд компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрамыз. Бұл айти саласындағы Әмірліктің көшбасшы компаниясы.

Риат Шони, тілші:

- Енді жоғарыда аталған жобалар толық жүзеге асырылатын болса, Қазақстан 2060 жылға дейін жоспарлы міндетті толық орындайды. Қазір елдегі энергия балансында «жасыл» энергияның үлесі 5,97% төңірегінде. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15% жетуі тиіс. Бұл қалай мүмкін болмақ деген сауалға, Еуропа қайта құру және даму банкі 2025 жылға дейін қуаттылығы кем дегенде 2 ГВт болатын баламалы энергия көздерін салу қажет деп отыр.

Авторлары: Риат Шони, Тоқтар Терлікбаев