Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды
Елімізде биылдан бастап зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды. Енді заң бұзушылар 5 күннен 25 күнге дейін қамалады.
Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң әлемнің 155 елінде қабылданған. Оның қатарында Қазақстан да бар. Бірақ біздегі заңның кемшін тұстары да болды, енді сол жетілдірілмек. Бұл туралы Орталық Азия елдерінің әйелдер форумында ашық талқыланды. Жиынға Қазақстан, Өзбекстан республикасы парламентінің төрағалары одан бөлек Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстан елдерінің өкілдері қатысты. Биыл Қазақстанның бұл шарадағы төрағалығы аяқталды. "Бір жыл ішінде өңірлік алаңды институционалдық тұрғыдан нығайту бойынша ауқымды жұмыстар атқарылды", дейді мамандар. Енді төрағалық Қырғызстанға өтті.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
- Президент бастамасымен ағымдағы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды. Бұл ретте оның салдарымен ғана емес, зорлық-зомбылықтың себептерімен күресу қажет. Халық арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Және тұрмыстық вандализмнің кез-келген түріне тосқауыл қою керек. Мемлекет басшысы айтқандай заң мен тәртіп бірінші кезекте тұруы тиіс.
Танзила Нарбаева, Өзбекстан Республикасы Олий Мәжілісі Сенатының төрағасы:
- Қазақстан Республикасы гендерлік теңдік бағытында Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіре алды. Әйелдер мәселесіне қатысты заң жобаларына, үкіметтік шешімдерге парламент тарапынан бақылау болды. Осы ретте үкіметтік емес ұйымдардың да ықпалын арттыру қажет.