Ақтаудағы көпқабатты үйлерге жылу толыққанды жетіп жатқан жоқ
Редакциямызға тұрғындардан осындай шағым келіп түсті.
Амалы таусылған жұрт электр пеш қосып, суық бөлмені жылытуға мәжбүр. Олар коммуналдық мекемелерден мәселені шешіп беруін сұрайды. Ал инженерлік желілердің күтіміне жауаптылардың бұған айтар уәжі бар.
Бұл 27-ші шағын аудан. Мұндағы көпқабатты 10 үйде ортақ мәселе бар. Тұрғындар жазда ауызсудан таршылық көрсе, енді қыста үйде жылу жоқ.
Төлеу Тұманбаева, қала тұрғыны:
- Осы үйден рахат көргеніміз жоқ. Мұздайымызда жатамыз. Мұздап, екі көрпе жамыламын өзім.
Алтынғали Қаражанов, қала тұрғыны:
- Қанша уақыттан бері неше комиссия келіп жатыр. Ешқандай шешім жоқ. Келеді, айтады 3 күн бер, 4 күн бер деп. Жасалып жатқан нәтиже жоқ. Қыста осы жылу жоқ, су жоқ. Жазда да питьевой су жоқ.
Ақтауға жылу, элекрт қуатын және ауызсуды Маңғыстау энергокомбинаты береді. Осы кәсіпорыннан бастап қала ішіндегі құбырлар күтіміне «Каспий жылу, су арнасы» жауапты. Мамандар кейбір шағын аудандардағы жылу тапшылығын мойындайды. Жылыту маусымы басталғалы бері күн сайын апат болады. Бұған инженерлік желілердің ескіруі себеп. Оларға іргелес жаңа үйлер салынуымен орталық жылу жүйесіне түсетін жүктеме көбейген деп отыр.
Ислям Үсенов, "Каспий жылу, су арнасы" МКК басшысының орынбасары:
- Жаңа үйлерде, жаңа микрорайондарда автоматический тепловой пункт деген бар. Олар да насоспен жасайды. Бірақ біреулер дополниительный насос қойған. Именно повысительный насос қояды. Сол сорғылар трассадан тартып кетіп жатыр. Ол үйлерге перегрев болса 27-нің жылуы сол жаққа кетіп жатыр.
Қазір Ақтауда жылу желілерінің 81%-і тозған. Ескірген құбырлар 2026 жылдың соңына дейін толық жаңартылмақ. Яғни оған дейін тұрғындарға қыста тоңып отыруға тура келеді. Келер жылдан бастап қаладағы 25 шағын аудан бес аймаққа бөлініп, 900 шақырымнан асатын құбырлар ауыстырылады. Оның бірінші кезеңі бойынша 20 млрд-тан астам теңге болатын 19 жоба әзірленді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев