Атырау облысында 57 волонтерлік ұйым бар

Атырау облысында 1000-ға жуық адамды қамтитын 57 волонтерлік ұйым бар.

Жастар ерікті түрде әлеуметтік және қоғамдық жұмыстармен айналысады. Қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қоғамдағы кез келген жағдайға бейжай қарамайтын еріктілердің қатары мектеп оқушыларымен де толығып келеді.

Ажар Құспантаеваның волонтерлықпен айналысқанына бір жылдан асты. Жақсылыққа жаны құмар жастың көздегені – қайырымдылыққа үн қосу. Ол ауруханалар мен қарттар үйіне жиі бас сұғып, ерекше балалар мен кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер орталығына көмектесіп тұрады. Қазір «Жаныңдамын» волонтерлік ұйымында бірнеше бағытта жұмыс істейді. 

Ажар Құспантаева, волонтёр:

- Құм терапиясы көбіне ерекше балаларға, одан кейін қарттар үйіндегі инсульт-инфаркт алған аталармен жұмыс жасалады. Өйткені қол маторикасын дамытуға жақсы. Екінші бағдарламамыз, ол тыл ардагерлерімен «Жеңіс» жобасы деп аталады. Тыл ардагерлеріне тамақ апарылады, жеміс-жидек апарылады. Құлақ есту аппараты, давление өлшейтін аппарат апарылады. 

Бұл қаладағы ерекше балаларды оңалту орталығы. 20-ға жуық бүлдіршін таңнан кешке дейін уақыттарын осында өткізеді. Әр баланың бабын табу  оңай емес. Осындай кезде «Жаныңдамын» ұйымының жастары орталық мамандарына көмектеседі. Балалардың көңілін көтеру үшін сыйлықтар да әкеледі. 

Әлия Құбаева, ерекше балаларды оңалту орталығының директоры:

- Бізге енді 20 шақты бала болғанымен, әр балаға екі адамнан көмекші керек. «Жаныңдамын» волонтерлік топ бізге аптасына екі рет келіп, біздің балаларға көңіл бөліп, ойын ойнап, әр түрлі шара өткізіп тұрады. Сол үшін ризамыз. Бұл балаларға қаншалықты көңіл бөлсе де, ол жеткіліксіз. Сондықтан әр келетін волонтерларды күтіп отырамыз. 

«Жаныңдамын» волонтерлік ұйымы мектеп оқушыларын да қайырымдылыққа баулып жүр. Қазір волонтерлерге мемлекеттен  көрсетілетін қолдау көп. Үздік жобалар қайтарымсыз гранттарға ие болып, тиімді түрде жүзеге асырылып жатыр. 

Мейрамгүл Есниязова, волонтёрлік ұйымның жетекшісі:

- Мемлекет тарапынан қолдауды жақсы алып отырмыз. Волонтерлікке қолдау қазір көңіл қуантарлық. Бұрын кез келген демеушіден барып сұрайтын болсақ осындай шарамыз бар еді, осындай игі жұмысымыз бар еді, соған қолдау көрсетесіз бе деп сұрайтын болсақ, қазір ешқандай ешкімнен көмек сұрамай, гранттың аясында сауатты түрде жобамызды жазып, сол жерден жеңімпаз атанып, сол ақшаларды игеріп жұмыс жасап жатырмыз. 

Қазір облыста 60-қа жуық еріктілер қозғалысы тіркелген. Тұрғындар олардың қоғамға пайдасын әсіресе коронавирус пандемиясы кезінде шын сезінді. Сол кезде волонтерлер медициналық орталықтарда дәрігерлерге қол ұшын созған. 

Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин