Атырауда босанған әйелдер жөндеу жұмысы аяқталмаған ғимаратқа көшірілген

Атырауда жүкті және босанған әйелдер жөндеу жұмыстары толық аяқталмаған ғимаратқа көшірілген.

Олар әлеуметтік желіде атқарылған жұмыстың сапасыз екенін айтып шағымданды. Әсіресе ғимарат ішінің салқын екенін, мұның жас босанған ана мен сәбилер үшін қауіпті екенін жазған болатын.

Асланбек Шығыр, тілші:

- 1991 жылы салынған 5 қабатты перинаталдық орталықтың күрделі жөндеу жұмыстарына 1 млрд 400 млн теңге кеткен. Оның 966 млн-ы ішкі құрылыс жұмыстарына жұмсалса, қалғанына желдету жүйесі жөнделген. Бұл ғимарат құрылысы қазір 99 пайызға бітіп тұр.

Мұнда жүкті әйелдер мен жас босанған аналар 30 қарашада көшірілді. Бұған дейін қала іргесіндегі модульді ауруханада жатқан еді. Жас аналар алғашында ғимараттың іші салқын болғанын жасырмайды. Бірақ қазір жағдай реттелген. Жарық пен су мәселесі де шешілген.

Алтынгүл Сәтиева, қала тұрғыны:

- Басында келгенде аздап салқын болды. Келгеннен кейін ішті жылытып берді. Пеш қойып берді. Кейін терезелерді жауып берді. Жаман емес. Медсестралар көмектесіп жатыр үлгермей жатсақ.

Нысанның күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқтала қоймаған. Қазір медициналық мекеме терезе перделерін күтіп отыр. Оны 10 желтоқсанда орнату жоспарланыпты. Дегенмен кешке қарай дәрігерлер терезені қолда барымен жауып жүр. Бұл ғимаратқа уақытынан бұрын көшіп келудің де өз себебі бар екен.

Альмира Сабырғалиева, облыстық перинаталдық орталық директорының орынбасары:

- Кеше қатты жел болған кезде ол жерде егеуқұйрықтар пайда болды. Біздің қызметкерлер көріп, содан кейін төбеде жүріп кетті. Ол жерде дератизация жұмыстары жүріп тұрды. Үнемі жасалып тұрды. Бірақ ол даладан жылы жерге тығылды ма, медицина қызметкерлері бар, ол жерде кішкентай нәрестелер жатыр ғой, сондықтан ол жерде ұзақ болу да қиын.

Модульді аурухана осыдан 3 жыл бұрын коронвирус пандемиясы кезінде 7 млрд теңгеге жуық қаражатқа салынған еді. Кейін перинаталдық орталықты жөндеу керек болғасын уақытша сол ғимаратқа көшірілді. Бірақ қазір дәрігерлер аурухананы егеуқұйрықтар еркін жайлап алғанын айтады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының сөзінше алдағы уақытта егеуқұйрықтармен күресу үшін арнайы жұмыстар жүргізіледі. Қазір мәселенің мән-жайы зерделеніп жатыр, дейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин