Атырау өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуы
Елдегі өнеркәсіп өнімінің 24 пайызы Атырау облысына тиесілі. Өңірде өндірілетін бүкіл өнімнің жалпы құны 315 млрд 200 млн теңгеге тең.
Тұрғындардың жұмыс-бастылық деңгейін арттыру үшін келер жылы 3 инвестициялық жоба іске қосылады. Бұл туралы облыс әкімі Серік Шәпкенов Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз жиынында айтты.
Елімізге тартылған барлық инвестицияның 18 пайызы Атырау облысына тиесілі. Негізгі капиталға салынған қаржының көлемі - 2 трлн 400 млрд теңге. Оның ішінде сыртқы инвестиция 902 млрд теңгеден асса, ішкісі шамамен 1,5 трлн теңгені құрады.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
- Тікелей шетелдік инвестициялар 3,5 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде тау-кен өнеркәсібі, құрылыс, кәсіби ғылым, техникалық қызмет және басқа бағыттарға тартылды.
Бүгінде аймақта үш ірі инвестициялық жоба қолға алынған. Олардың ішінде құны 76 млрд теңге болатын "Атырау вагон жасау зауыты" бар. Жаңа кәсіпорын 1 мың 700 адамға жұмыс орнын ұсынуға қауқарлы.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
- Сонымен қатар, құны 18 млн доллар тұратын сұйытылған газ сақтау қоймасы. Тағы ауыл шаруашылық саласында 5,6 гектарды құрайтын жылыжай құрылысы бар. Құны 8 млрд тг. Осы инвестициялық жобалар 2024 жылы іске қосылады.
Биыл облыста коммуналдық тұрғын үй қорынан 242 азаматқа баспана кілті табысталды. Бұл бағытта бюджет есебінен қаражат бөлініп, 292 пәтер сатып алынуда. Биыл 10 айда жалпы ауданы 558,3 мың шаршы метрге тең 4 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді.
Серік Шәпкенов, Атырау облысының әкімі:
- «Атырау жастары» деген бағдарлама қарастырылған. 100 жас тұрғын үймен қамтылды. "Бақытты отбасы Атырау" бағдарламасын шығарғанбыз. Қазірдің өзінде 38 отбасы тұрғын үймен қамтылды. 28-і мақұлданды. 300-ден астам өтініш қаралып жатыр.
Жалпы Атырау облысында 2 қала мен 137 ауылдық елді мекенде табиғи газ бар. Халықтың 99,8 пайызы көгілдір отынмен қамтылған.
Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов