Ұлттық инвестор барлық міндеттемелерді орындайды
Қазақстан Үкіметі «АрселорМиттал Терміртау»-ды сатып алу бойынша келіссөздерді аяқтады.
Бұл туралы брифингте Өнеркәсіп және Құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты. Келісімшарт құны 286 млн доллар.
«АрселорМиттал Терміртау» акцияларын Қазақстан юрисдикциясына қайтару бойынша жұмыстар аяқталды. Өнеркәсіп және Құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтің айтуынша келіссөздер оңай өткен жоқ. 11 раундқа созылған кездесудің әрбірінде біздің тарап елдің экономикалық мүддесін қорғап шықты. Әуелі Лакшми Митталдың өкілдері 3,5 млрд доллар талап еткен. Бірақ бұл соманың негізсіз екені дәлелденіп, активтер құнын 286 млн долларға түсіруге қол жеткізілді.
Қанат Шарлапаев, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Екі активтің, яғни, «АрселорМиттал Теміртау» және Ақтау құбыр зауытының» құны 286 млн долларды құрады. Кезінде «АрселорМиттал»-дың өзі осы екі автивті бұл бағада сатып алған. Аталған келісімшарттарды іске асыру үшін республикалық бюджеттен қаржы жұмсалған жоқ. Жаңа инвестор - «АрселорМиттал» -дың барлық қысқа мерзімді және ұзақмерзімді міндеттемелерін орындайды. Яғни, жаңа инвестор жеткізушілер мен қызметкерлер алдындағы барлық міндеттемелерді сақтайды.
Жаңа инвестор "Qazaqstan Steel Group" – қазақстандық компания. Иесі де осы елдің азаматы, «Аллюр компаниялар тобының» негізін қалаған белгілі кәсіпкер Андрей Лаврентьев. Келісімшарт бойынша, ұлттық инвестор комбинат пен шахталарды жаңғыртуға алдағы үш жылда үш миллиард доллар инвестиция құюы тиіс.
Қанат Шарлапаев, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
- Біз қауіпсіздік туралы міндеттемлердің орындалуын бақылаймыз. Инвестицияның әуелі шахтадағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталуын қадағалаймыз. Әлбетте, кәсіпорынның кеңеюіне коммерциялық инвестициялар қажет. Бірақ, Үкімет қаржы бірінші кезекте жұмысшылардың қауіпсіздігіне жұмсалуына басымдық береді.
«АрселорМиттал Теміртау» акцияларының Қазақстан юрисдикциясына қайтарылуы мемлекеттің бұл бағытта батыл қадам жасағанын аңғартты. Қазақстан халықаралық арена алдында экономикалық және құқықтық мүддені қорғаудың жарқын үлгісін көрсетті дейді Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров. Оның сөзінше, жаңа инвестициялар Қарағанды өңірінің экологиясы үшін ғана емес, экономикалық дамуына ықпал етеді.
Ерлан Саиров, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ең негізгісі сатып алған азаматтар – ҚР азаматтары. Олар салықтың бәрін ҚР-ға төлейтін болады. Сонымен қатар, өндірісті жаратуға, еңбек қатынастарын жаңартуға, қарызды төлеу жөнінде өзіне міндеттеме алды. Бұл зауытта модернизациялауға, әлеуметтікеңбек процесттерін жаңартуға, жаңа класстер жасауға барлық мүмкіндік береді.
Жасалған келісімнің тағы бір шарты бар. Ол бойынша ArcelorMittal «Қазақстан халқына» қорына 16 млрд теңге аударады. Қаражат Қарағанды облысындағы әлеуметтік жобаларға бағытталады. Оның тең жарысы, яғни 8 млрд Теміртау қаласын дамытуға жұмсалады. Демек, Қарағанды өңірінде ауқымды жұмыстар қолға алынбақ. Ал компания ребрендингтен өтеді. Кәсіпорынның қандай атау алатыны әзірге белгісіз. Алайда, Үкіметте оның бұрынғы тарихи атауы - «QARMET»-ті қайтару туралы ұсыныс айтылды.