Семейде заманауи аутизм орталығы ашылды

Семейде аутизм және церебральды сал ауруы бар балаларды емдеу көзделіп отыр.

Қалада облыс әкімдігінің қолдауымен «Асыл Мирас» заманауи аутизм орталығы ашылды. Жаңа мекеме жылына үш жүзге жуық баланы қабылдай алады. Сондай-ақ, бүгін облыс әкімі тұрғындармен кездесу өткізіп, олардың өзекті сұрақтарына жауап берді.

Жыл сайын Абай облысында аутизммен және церебральды сал ауруымен ауыратын балалар саны артып барады. Облыс әкімдігінің көмегімен Болат Өтемұратов қоры ашқан жаңа «Асыл Мирас» орталығы еліміздегі 13-ші аутизм орталығы болды. Өңірде осы сынды тағы екі орталық ашу жоспарда бар. Бірі Аягөзде, енді бірі тағы Семей қаласында болады.

Аяулым Тәңірбергенова, Семей қаласының тұрғыны:

- Міне бала үшінші күн мында жүр. Бәрі ұнайды, өзінің ынтасын көрсетеді бала. Бәрін жақсы қайталап, уже үшінші күн болса да прогресс көрініп тұр. Үлкен алғыс осындай орталық ашылғанына.

Жаңа орталық жылына үш жүзге жуық баланы қабылдай алады. Олармен тәжірибелі мамандар жұмыс істейді. Тегін сабақтар алты түрлі бағдарлама бойынша үш ай бойы жүргізіледі.

Марат Айтмағамбетов, Б.Өтемұратов қорының директоры:

- Бізде ресурс орталығы бар. Алматыдан біздің мамандар келген, 2 апта, 3 апта осы жерде тұрып мамандарды үйреткен. Қазір мына заманауи технологиямен.

Облыс әкімі халықпен кездесті

Сондай-ақ, бүгін қалада облыс әкімінің халықпен кездесуі өтті, онда өңір басшысы жаңа Бас жоспарға сәйкес қалада не өзгеретіні туралы айтты.

Облыс орталығының абаттандырылуына ерекше мән берілуде. Биыл 3 млрд. теңге бөлінді. 14 қоғамдық кеңістік абаттандырылды, 30 балалар алаңдары салынып, 70 тұрғын үй ауласы жөндеуден өтті. Облыс бойынша оқушы орын тапшылығын шешу үшін 5700 орындық 11 мектеп салынады. 5 мектептің құрылысы басталды.

Қала тұрғындарын шаһардың сыртқы келбетінен бастап жеке мәселелеріне дейінгі түрлі сауалдар толғандырды. Бірақ ең көп сұрақ көлік, жарықтандыру және жол мәселелеріне қатысты болды. Кездесу соңында әкім азаматтарды жеке қабылдады. Өңір басшысына тұрғындардан барлығы елуге жуық сұрақ пен ұсыныс келіп түсті.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Әсем Өтешева, Медет Өмірханов