Елімізде электромобиль құрастырушыларын даярлау орталығы ашылды
Елімізде тұңғыш рет электромобильдерге қызмет көрсететін инженерлерді даярлау орталығы ашылды.
Мұнда студенттер электр станциялары мен аккумуляторлық батареяларды жөндеуге машықтанады. Заманауи машина жасау мектебі Өскеменде орналасқан. Жоба Қазақстан-Қытай әріптестігі және мемлекетаралық келісімдер аясында жүзеге асырылды.
Болашақтың жол қозғалысы осы жоба негізінде ұйымдастырылады. Автопилоттық көліктер қала көшелерімен жүреді. Ал жасанды интеллект жол-көлік оқиғаларының алдын алады. Ақылды машиналарға арналған бағдаршамдар да дайын.
Самат Байгереев, PHD докторы:
- Осындай смарт технологиялық көліктерге арналған шеберхана құру өте маңызды. Ол арқылы интеллектуалды жүйені біздің өңірде ғана емес, барлық аймақта дамытуға мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде қозғалыс қауіпсіздігін едәуір арттырады.
Осылайша қазақ-қытай әріптестігі аясында Өскеменде еліміздегі алғашқы электромобиль құрастырушыларды даярлау орталығы құрылды. Бұған дейін отандық ғалымдар тобы көрші елде тағылымдамадан өтті. Міне техника ғылымдарының кандидаты, профессор Марат Мұздыбаев студенттерге литий-ионды батареяларға қызмет көрсетудің қыр-сырын үйрете бастады.
Марат Мұздыбаев, профессор, техника ғылымдарының кандидаты:
- Бұл аккумуляторлық батареялардың құрылымдарын зерттеу және диагностикалау бойынша оқыту платформасы. Мұнда аккумуляторды ғана емес, қосалқы жабдықтарды да меңгереміз. Жаңа жүйені енді үйреніп жатқан студенттер үшін бұл өте маңызды.
Әлбетте, отандық техниктер үшін әлемдік үрдістерді қуып жету маңызды. Қазірдің өзінде нарықта сатылған әрбір бесінші көлік электр қозғалтқышпен жүреді. Әлемде электромобильдер сатылымы 34%-ға өсті.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Алдағы уақытта Ақтөбеде робототехника және мұнай-газ өндірісі саласында машина жасау бойынша осындай орталық ашылады. Сондай-ақ Алматы және Астана қалаларында Компьютерлік инженерия бойынша өндірістік орталықтар ашуды жоспарлап отырмыз.
Ал Өскемендегі шеберхана жыл сайын жүздеген машина жасаушылар мен білікті мамандарды дайындауға мүмкіндік береді.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин