Мәжіліс депутаттары KAZCENT орталығында болды
Мәжіліс депутаттары Алматы облысында орналасқан KAZCENT бітімгершілік операциялар орталығында болды.
Алдағы уақытта шетелде өтетін миссияларға қатысатын ұлттық контингенттің дайындық барысымен танысты. Жаңа конференц-залды, әскерилер мен полиция қызметкерлеріне тілдік оқыту жүргізілетін оқу ғимаратын аралап көрді. Сондай-ақ, депутаттарға бітімгерлік базаны қорғау, тосқауыл бекеттерін ұйымдастыру, инженерлік және медициналық дайындық бойынша тәжірибелік сабақтар көрсетілді. Атап айтқанда, базаға шабуыл кезіндегі жеке құрамның әрекеті, алғашқы медициналық көмек көрсету, бақылау-өткізу пунктінде көліктерді тексеру имитацияланды. Бүгінде қазақстандық бітімгерлер Ливан мен Батыс Сахарада, Орталық Африка Республикасы мен Конгода жүр. Жақында Орталықтың әскери қызметшілерінің дайындығы БҰҰ-ның халықаралық бағалауынан өтеді.
Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жас сарбаздарымыздың әскери дайындығын көрдік, өте жақсы. Өткен жолы Қорғаныс министрі айтты ғой, Израил, Палестиндегі соғыс жағдайына байланысты Қазақстанның бітімгерлік батальоны барады деп. Сондықтан, мен ойлаймын, сақадай сай біздің жастарымыздың, әскери қызметкерлеріміз. Бұл жердегі негізгі мақсат екі ел арасындағы болып жатқан жағдайды тұрақтандыру.