Өскемендегі зообаққа келушілер үшін жаңалық көп

Өскемендегі хайуанаттар бағында аң-құстар үшін де, оларды қызықтап келушілер үшін де жаңалық көп.

Орталықта тұрғындарға арналған "еркін бақылау алаңы" іске қосылды. Ал кейбір жыртқыштарды жақыннан көру үшін  терезелі қоршаулар қойылды. Қазір бақ қызметкерлерінің жұмысы жаздағыдан екі есе көбейді деуге болады. Өйткені жануарлардың қысқы күтімін жасап, суық маусымды аман-есен өткеру аса маңызды.

Сусар жануарлар бағының жаңа мүшесі. Оны Семейдегі алапат орман өрті кезінде еріктілер тауып алып, осы жерге табыстапты. Енді сүйкімді  аң орталыққа келгендердің көзайымына айналды. Биолог Юлия Павленко мұндағы аң құстың мінез құлқын жаттап алған. Ал сусарға тіпті бауыр басып кеттім дейді.

- Харитон, Харитоша!

Бақ үшін қазір ең қауырт шақ.  Қысқы қам күшейтілді. Жануарлардың күйлі шығуы, тұрған жеріне,жеген қорегіне байланысты.  

Юлия Павленко, биолог:

- Қысты бір өткеріп алсақ, ол да үлкен жетістік. Ең бастысы аң құстың  қорегі дайын. Жылына  100 тоннадай шөп, отыз тоннадан аса жем аламыз. Экзотикалық құстарды да ұмытпаймыз. Кептірілген жемістер, көкөніс жинақтаймыз.

Ал ірі жыртқыштардың тәбеті де ірі. Олар үшін аптасына 70 келі ет алынады. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Хайуанаттар бағының қызметкетлері осы жерге жиі келеді. Өйткені мына аюлар күніне 15-20кг тамақ жейді. Арасында ет те, балық та бар.Қазір олар әлі ояу. Өйткені қатты аяз түспеген.

Қоңыр аюлар  қысқы ұйқыны күтіп маужырап жүрсе, тау арыстаны тым белсенді. Енді бұл түз тағысын тура жанынан тамашалауға болады. Қоршауына шыңдалған шынымен қапталған қауіпсіз терезе қойылды. Орталықта бұта мысығы да бар. Болмысы ерекше жыртқышты көруге келетіндер  көп. 

Андрей Злобин, қала тұрғыны:

- Мұнда отбасымызбен жиі келеміз. Еліміздегі ең әдемі жердің бірі.Неге түрлі жануарлар,аңдар бар.Жақсы демалып қайтамыз.

Жануарлар бағында жалпы 300 ден аса аң құс  бар. Болашақта оларды барынша түрлендіру жоспарда. Тіпті неғұрлым табиғи жағдайға бейімделген жаңа орталық салынуы да мүмкін.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов